Алматыда зағиптарға арналған оқу құралы орнатылды

Алматы кітапханаларында зағиптарға арналған кітап оқу құрылғысы орнатылды.

Заманауи техника кез келген мәтінді сканерлеп, бірден аудио форматта тыңдауға немесе брайль шрифтімен оқуға мүмкіндік жасайды. Әзірге мұндай компьютерлер қаладағы 4 кітапханаға қойылған.

Қайрат Қалқаев Чехов атындағы қалалық кітапханаға арнайы келген. «Мақсаты – зағип жандарға арналған кітап оқу құрылғысының мүмкіндігін көру. Себебі брайль шрифтімен басылған ғылыми немесе көркем әдебиеттер аз. Ал көру қабілетінен айырылған жастар үшін кітап оқып білімін арттыру  маңызды»,- дейді.

Қайрат Қалқаев, "Қазақ зағиптар қоғамы" ҚБ қалалық филиалының төрағасы:

- Жас балалар бар біздегі қазір оларға қажет, өте қажет, деп ойлаймын. Жоғары оқу орындарында оқиды, орта оқу орындарында оқиды. Сондықтан оларға өте қажет бұл техника. Әр ауданда болса тіпті ыңғайлы.

Компьютерге орнатылған құрылғы кітап беттерін сканерлеп, мәтінді аудио немесе брайль шрифтіне тәржімалайды. 31 тіл қондырылған құрылғыға  сұраныс жоғары. Себебі қалалық зағиптар қоғамында 900-ден аса адам тіркелген. 

Мейрам Бектембаев, қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры:

- Көру қабілетінен айырылған оқырман кітапханаға келсе, қызметкерлеріміз күтіп алады. Қандай кітап қажет екенін сұрап, арнайы компьютерге отырғызады. Таңдаған әдебиетті сканерге қойып, арнайы құрылғымен қалай жұмыс істеу керектігін түсіндіреді. Енді зағиптар кезк елген кітапты оқи алады.

Арнайы құрылғымен жабдықталған 8 компьютер қаладағы 4 кітапханада орнатылған. Орталықтандырылған кітапхана жүйесі басшылығының айтуынша, осындай компьютерлер қаладағы 28 кітапханада пайда болады.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Сұлтан Бейсекенов