Павлодар облысына қосымша білім беру мекемелері қажет

Мемлекет басшысының «50 балалар сауықтыру лагерін құру, балалардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамыту үшін кемінде 100 жаңа ірі нысан салу туралы» тапсырмасы бар.

Осы орайда Павлодар облысында 4 қосымша білім беру ұйымының құрылысына өтінім түсті. Биыл Екібастұзда 3 мың балаға арналған балалар шығармашылығы орталығы бой көтере бастады. Жақында аймақта болған Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев бұл саланың кенже қалғанынын ашық айтты.

Қазақстанда дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернат кешендерінде типтік үлгідегі штаттық кесте жоқ. Мемлекеттік аттестаттау 10 жыл бұрын алынып тасталған.

Серік Сыздықов, "Дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернат" кешенінің басшысы:

- Қазақстан бойынша осындай онға жуық оқу орны бар. Бірақ біздегі ең басты мәселе бізде типтік үлгідегі штаттық кесте жоқ. Осы кешендерге арналған. 2013 жылдары мемлекеттік аттестаттауды алып тастады. Осы мекемелерге кәсіби аттестацияны қайтару керек шығар.

Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу–ағарту министрі:

- Қосымша білім беру ұйымдары мына білім саласындағы кенжелеп қалған саланың бірі. Бұған көп қаржы да дұрыстап берілмейді. Жаңағы олардың ғимаратына да ешкім көңіл бөле бермейді. Бәріміз мектеппен айналысып кеттік,  сондықтан биылдан бастап біз қосымша білім беру орталықтарының жалпы мекемелерінің бүкіл жағдайын кешенді түрде қарастыруды қазір тапсырма бердім. Бұл бағытта жұмыс жүріп жатыр.

Балаларды шығармашылыққа баулитын  мекемелер бар. Жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бірақ ондағы оқу-тәрбиесінің үрдісі, материалдық базасы  талапқа сай емес. Үздіксіз білім беру үрдісімен жұмыс істейтін Павлодардағы музыкалық кешеннің де жағдайы осы. Ғимараты тозған. Музыкалық аспаптар ұзақ жыл бойы жаңартылмаған.

Серік Сыздықов, "Дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернат" кешенінің басшысы:

- Ол енді көбінесе мынау заманауи жағдай жасау, бүгінгі таңдағы жаңа музыкалық аспаптармен қамту, осы ғимараттарды бір жаңа заманауи талаптарға сәйкестендіру деген сияқты. Бүгінгі таңда біздің музыкалық кешен мыңға тарта оқушының басып қосып отырған үлкен оқу орны. Бұл жерде 250-дей ұстаз жұмыс жасайды.

Қазір балалардың бос уақытын қамту өте өзекті мәселе. «Шығармашылықпен айналысатын балалар арасында тәртіп бұзушылық сирек болады», - дейді мамандар. Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2024 жылдан бастап елімізде 100 қосымша білім беру мекемесі салынады. Ертіс өңірінде бірнеше жоба жүзеге асады.

Әмина Ерғанат, білім басқармасының бас маманы:

- 2024-2027 жылдар ішінде төрт қосымша білім беру ұйымын салуға өтінім берілді. Екібастұз қаласында 3 мың балаға арналған Балалар шығармашылығы орталығының құрылысы басталды. Сондай-ақ жергілікті бюджет есебінен Шарбақты ауылында, Павлодар ауданының Розовка ауылында, Успен ауылында өнер мектебін ашу жоспарланған.

Облыста мектеп оқушыларының 83 процентін қамтитын 40-қа жуық қосымша білім беру мекемесі бар. Жыл соңына дейін екі мың орындық инновациялық орталық қолданысқа беріледі.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков