Елімізде 130 адам жүрек трансплантациясына мұқтаж

Жастар арасында жүрек аурулары жиі кездеседі.

Ал донор жетіспеушілігі ауқымды мәселеге айналды. Қазақстанда 130-ға жуық адамға жүрек трансплантациясы қажет. Кезегін 5 жыл бойы күткен Қарағанды облысының тұрғынына жақында операция жасалды.

Константин Тихомировтың кеудесінде қазір өзге адамның жүрегі соғып тұр. Жасы 27-де болса да ағзадағы басты орган жарамсыз күйге түскен. Басында спортпен айналысқан ол ауруға мән бермей, операциядан бас тартқан. Кейін дерті асқынып кеткен. Елде жүрек донорларының тапшылығынан мамандар баламалы шешімдерге жүгінуге мәжбүр. Яғни, жасанды ағзаларды импланттаудан басқа амал жоқ. Константин осындай жасанды сол жақ жүрек қарыншасымен 5 жыл жүрген. 

Константин Тихомиров, Абай қаласының тұрғыны:

- Кеудеме өзге жанның жүрегі соғып тұрғанын ойламауға тырысамын. Бұрын жасанды жүрек қарыншасымен жүретінмін. Оның салмағы 3 келіге дейін тартатын. Соны 5 жыл бойы көтеріп жүрдім. Қазір ішімнен шығып тұрған заттардың барлығын алып тастады. Бірақ ішетін дәрілерім көбейді.

Қарағанды облысында жүрек алмастыру үшін 16 адам кезекте тұр. Жүрек трансплантациясы науқастың жүрек жеткіліксіздігінің соңғы сатысында белгіленеді. Яғни, басқа амал жоқ деген сөз. Мұндай дертке артериялық гипертензия, миокард қабыну аурулары, инфекциядан кейінгі асқыну салдары себеп болуы мүмкін. Бірақ донор табу қиын. Орган 40 жасқа дейінгі адамдардан ғана алынады. Ол биологиялық тұрғыда жаңа ағзаның көптеген параметрімен сәйкес келуі тиіс. Әйтпесе, жаңа ағза оны қабылдамай қоюы мүмкін. 

Алексей Бокач, кардиолог:

- Жаңа жүрек салынғаннан кейін емделуші күйзеліссіз, жаман әдеттерден аулақ болып, талаптарды сақтаса, 15 жыл өмір сүруі мүмкін. Әйтпесе, орташа 8-10 жылға дейін жетеді. Донор тапшылығы өте өзекті. Әсіресе діни және тәрбиелік тұрғыда бұған дайын емес адамдар көп. Еуропада мотоцикл сатып алу үшін өзіңді донорға беруге келісу керексің. Бізге де осындай талаптар қажет. Әйтпесе, органға деген тапшылық кезекте тұрғандардан 10-20 есе көп. 

Жүрек алмастырылғаннан кейін де пациеттен зор жауапкершілік қажет. Соның бірі, жаңа жүрек ағзаға үйренуі үшін иммунитетті төмендететін дәріні өмір бойы ішіп отырады. Бұл кезде кез келген тұмаудың өзі қауіпті болуы мүмкін. Сонымен бірге науқас онкологиялық ауру жұғу қаупі жоғары адамдардың санатына кіреді.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Сайран Ақамбаев.