Ұлытау облысында жас отбасының тұңғышы 20 миллионыншы тұрғын атанды

Еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны атанған 5 нәрестенің бірі Ұлытау облысында дүниеге келді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның салмағы – 3 келі, бойы – 49 сантиметр. Анасы Әйгерім Молдашева – үй шаруасындағы келіншек. Ал әкесі Сұңғат – өрт сөндіруші. Жас отбасы қыздарының 20 млн-шы тұрғын атанғаны тосын сый болғанын айтады. Әулет үлкендері кішкентайдың атын да қойып үлгерген.

19 жасар Әйгерімнің бұл – алғашқы перзенті. Қазір жас босанған ананың да, нәрестенің де жағдайы жақсы. Тұмар патшайым секілді елінің батыр қызы болсын деген ырыммен есімін Томирис деп атапты.

Әйгерім Молдашева, қала тұрғыны:

- Томирис деп атын қойған себебіміз, атам қойды. Томирис – батыр қыз, соның жолын қусын деп ырымдап қойған себебіміз бар. 20 миллионыншы тұрғын осы қыз деп ойлаймын.

Гүлзат Құманова, қала тұрғыны:

- 20 миллионшы болып немерем ілігіп жатыр, Қазақстан азаматшасы болып. Алғашқы немереміз. Жүрегіміз жарылып кетейін деп тұр. Кішкентайдың бауы берік болсын!

Әйгерім босану бөлімшесіне 13 қараша күні кешке түскен. Дәрігерлер босанудың жеңіл өткенін айтады.

Ербұлан Орынбай, акушер-гинеколог:

- 14-і күні таңертең 8:10-да босанды. Босанғаны – қыз бала. Бәрі жақсы өтті. Баланың жағдайы жақсы. Аман-есен.

Жас ананы Мемлекет басшысының атынан аймақ билігі құттықтап, естелік сыйлық табыс етті. Сондай-ақ жас отбасыға қаржылық қолдау көрсетілетінін айтты. Жалпы Ұлытау облысында соңғы жылдары бала туу көрсеткіші артып келеді. Биыл жыл басынан бері 3118 нәресте дүниеге келген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4%-ке артық.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрдәулет Аманкешов, Гүлшаһира Серекбаева.