Қарағанды облысында ерекше жандарды жұмыспен қамтып жатыр

Қарағанды облысында халықтың әлеуметтік осал тобын жұмыспен қамтуға ден қойылды.

Мүмкіндігі шектеулі жанды жұмысқа алғысы келген мекеме «Мансап» орталығына өтініш береді. Ал «Мансап»  мүгедек жанның мекемеде жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасап береді.

Светлана Рябцеваның бала кезінен есту қабілеті нашар. Үшінші топтағы мүгедектің қалыпты ортада жұмыс істеуі қиын. Себебі өзгелермен тілдесуі оңай емес еді. Қазан айында «Мансап» орталығы арқылы  тігінші болып жұмысқа тұрды.

Светлана Рябцева, тігінші:

- Есту қабілетім нашар болса да, маған бәрін жақсы түсіндіреді. Мен оларға ым-ишара тілін үйретемін. Әріптестерім жақсы. Тігуді интернатта оқыған кезде үйренгем. Содан бері тігіншілікті тастаған емеспін.

Қазір Светлананың 150 мың теңгеге жуық айлығы бар. Ол әріптестерімен бірге арнайы киім тігеді. Тапсырыс көп, ал тігінші тапшы. Сондықтан бағдарлама кәсіпкерге де тиімді. Ұлттық жоба аясында аталған бағдарлама осал топты қалыпты ортаға бейімдеуді көздейді.

Қаламқас Сауханова "Айзере" әмбебап тігін өндірісінің басшысы:

- Ол кісімен жұмыс істеу бізге қиын емес. Себебі ол кісі тігінші ретінде жақсы тігеді. Және колективте тігіншілермен жақсы жұмыс істейді, қарым-қатынастары жақсы. Ол кісіге ештеңе үйретіп керек емес, себебі өзі біліп тұр бәрін.

Манапов Рүстем, Шахтинск қаласының "Мансап" орталығының басшысы:

- Үш жыл бойы мемлекет оның жалақысын субсидиялайды. Бірінші жылы 70, екінші жылы 65, одан кейін 60 пайызын субсидиялайды.Өтінімде соның бәрін кәсіпкер көрсетеді, ол заңға қайшы келмесе бәрін аламыз.

Жақында ​​облыс бойынша тағы 15-ке жуық  арнайы жұмыс орнын ашу жоспары бар. Өтініштер Теміртау, Балқаш, Саран қалалары және Бұқар Жырау ауданынан келіп түскен.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар