Қызылорда облысының тұрғыны ауылын көркейтіп отыр

«Ауылын көркейткен азамат». Қазақстанның Еңбек Ері Имамзада Шағыртаевты сырбойылықтар осылай атайды.

Ол елді мекендердің шаруасы шатқаяқтаған кезеңде егін егіп, ел еңсесін тіктеуге үлес қосты. Қарапайым механизатордан бастап, шаруашылық басшысына дейінгі жолдан өтті. Бірнеше өндірісті іске қосып, туған жерін түлетуге білек сыбана кірісті. Елге үлгі бола білген нағыз еңбек адамымен әріптесім Нұрлан Жақыпбеков кездесіп, ауылдың тыныс-тіршілігімен танысты.

Имамзада Шағыртаев туған жері – Таң ауылының тірлігін түлету үшін талай жылдан бері тер төгіп келеді. Еңбек жолын қарапайым жұмысшы, инженер-механик болып бастаған. Ал шаруашылықты осыдан 20 жыл бұрын құрған. Әуелде 500 гектар ғана күріш егіп, 50 адамды жұмыспен қамтыды. Қазір бұл көрсеткіш еселеп артты. Шағыртаевтың қарамағында 400-дей ауыл тұрғыны  тұрақты жұмыс істейді. 100-ге тарта техниканы түгел жаңартқан. 

Имамзада Шағыртаев, Қазақстанның Еңбек Ері:

- Жалғыз өзіміздің күшімізбен шығып жатқан жоқпыз. Үкіметтің арнайы қолдауларының арқасында. Мысалы, жалпы сомасы 2,5 миллиард теңгеге біз техникаларды игердік. Сол техникалардың арқасында жерді өңдеп, каналдарды қазып, құрылғыларды дұрыстап, судың келуі мен шығып кету бағытттарын дұрыстай отырып, біз үлкен жетістіктерге жетіп жатырмыз.

3 мың гектарға дейін сыр маржанын егетін шаруашылық 2 күріш ақтау зауытын іске қосқан. Өнімі ішкі нарықтан бөлек, шетелге экспортталады. Озық технологиямен жабдықталған өндірістің қыр-сырын ауыл жастары меңгеріп алған. Солардың бірі – Елдос Көлжан.

Елдос Көлжан, зауыт жұмысшысы:

- Күніге 100 тонна дейін ақ күрішті түйіп, осында жұмыс істеп жатырмыз. Корейлік техникамен жұмыс істеп жатырмыз. Қалаға, еш жерге бармай, осы Таң ауылының жастары және көршілес ауылдың жастары осында жұмыс істеп жатқан жайымыз бар.

Серіктестік есебінде 600 басқа жуық мал бар. Қосымша мал азығы мен бақша дақылдарын егеді. 2019 жылы «Тұқым шаруашылығы» мәртебесін алып, аудан шаруашылықтарын бірінші репродукциялы «Лидер» сортымен қамтамасыз етіп отыр. Шаруашылық қосымша 150 млн теңгеге ет өңдеу цехын салып, жартылай дайын өнімдерді әзірлейді. Тәулігіне 1 тонна консервіленген ет шығарады.

Болатбек Жәнібеков, Таң ауылының тұрғыны:

- Күріш зауытын ауылдың ішінде салып жатыр. Өңдеу цехы салынды. Осының бәрі – жұмыстың көзі. Бұрынғыдай емес, жастар қазір тұрақты жұмысқа ауылға орналасып жатыр.

Имамзада Шағыртаев туған жерінен табан аударғысы жоқ. Оның шаруасы шираған сайын ауылы да көркейе түсуде. Келбеті қалаға бергісіз. Тақтайдай тегіс жолдар, әсем гүлзар мен саябақ, әлеуметтік нысандар жаңа кейіпке енген. Ауыл жастары үшін спорт кешені де салынған.

Имамзада Шағыртаев, Қазақстанның Еңбек Ері:

- Бірінші кезде 50-60 миллион бөлдік. Жыл сайын көбейтіп, қазір жылына 200-300 миллион теңге ақша осы елге инфраструктурасы дұрысталу жөнінен қайта мән бердік. Қазір соңғы уақытта арнайы өзіміздің ауылдың жалпы жоспарын жасап алып, сонымен жұмыс жасап жатырмыз.

Дәулет Қасымханұлы, Таң ауылының тұрғыны:

- Ауылымызда тұру өте қолайлы. Біздің ауылымызда балабақша, спорт кешендері, мектебіміз – барлығы дерлік қазіргі таңда заманауи техникалармен қамтылған. Балабақшамыз 90 орындық. Жақында ғана Қазақстанның ең үздік балабақшасы атанды.

Шағыртаев бастаған шаруашылықта игі дәстүр бар. Жыл сайын үздік еңбеккерлерге жаңа автокөлік мінгізеді.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин.