Биыл 800 мың адам жұмыспен қамтылды

Президент сайлауалды бағдарламасында әлеуметтік салаға баса назар аударды.

Мәселен, ең төменгі жалақы мөлшері 60 мың теңгеден 70 мың теңгеге дейін көбейді. Биыл 800 мың адам жұмыспен қамтылды. Олардың дені – жастар. Бір жыл ішінде тағы қандай ілкімді шаралар жүзеге асты?

Президент сайлауалды бағдарламасында жұмыссыздықпен күресті күшейтуді тапсырды. Жыл басынан бері 800 мың адам жұмыспен қамтылды. Олардың дені – жастар. Сондай-ақ белгілі себептермен жұмыссыз қалған жандарды қолдау күшейді. Бұл орайда қызметінен айырылған азаматқа жалақысының 45%-і төленетін болды. Жалпы алдағы 6 жылда 3 миллионнан астам азаматқа екі қолға бір күрек тауып беру көзделіп отыр. Осы мақсатта арнайы тұжырымдама түзілді.

Олжас Ордабаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі:

- Бұл, біріншіден, сапалы жұмыс орнын құру үшін қолға алынды. Екіншіден, жұмысқа тұрғандарға, әсіресе жастарға жан-жақты тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді. Осылайша, жұмыс іздегендер мен жұмыс берушілер арасында байланыс орнатылады. Мұнда халықаралық және отандық сарапшыларды пікірі ескерілді.

Президент жастарға қамқорлық жасауға ерекше назар аударды. Бүгінде елдегі әрбір үшінші тұрғын жастар санатында. Бұл тұрғыда жас кәсіпкерлерді қолдауға баса назар аударылып отыр. Мәселен, жеңілдікпен несие беру механизмі жолға қойылды.

Ермек Тоқтаров, ҚСЗИ стратегиялық талдау бөлімінің басшысы:

- Бұрын ХХ ғасырда Америкада депрессия болғанда олар одан қалай шықты? Жастарға жұмыс берді. Өйткені ең жақсы мемлекеттің тарапынан берілетін әлеуметтік көмек – ол жұмыспен қамтамасыз ету. Сондықтан бізде де осы жалпы экономикалық заңнамаға сәйкес аймақтарда жұмыспен қамтамасыз ету карталары бар.

Елдің саяси өмірінде де елеулі өзгерістер болды. Мәселен, Мәжіліс депутаттары бірмандатты сайлау округтері бойынша сайланды. Төменгі палатаға бірнеше партия өкілі өтті. Сонымен қатар 45 қала мен аудан әкімдерін халық таңдады. Сарапшылардың айтуынша, сайланған әкімдер жергілікті жердегі мәселені тереңдете білгендіктен жан-жақты шешуге мүмкіндік алды.

Қуаныш Сайлау, ҚСЗИ электоралды үдерістерді зерттеу бөлімінің аға сарапшысы:

- Кандидаттардың жұмыс мамандықтарын байқайтын болатын болсақ, әрине, сан алуан мамандықтардың түрі белгіленген. Бұл мемлекеттік басқару органдарының кадрларының жаңаруына серпіліс береді. Яғни, біз тек қана мемлекеттік қызметпен айналысатын кісілерді емес, жан-жақты мамандарды сайлауға мүмкіндігіміз бар.

Президенттің сайлауалды бағдарламасын орындау бағытында ауқымды жұмыс атқарылып келеді. Нақты нәтиже бар. Ендігі міндет – басталған істі лайықты деңгейде жалғастыру.

Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Ербол Дайыров.