Алматыда дәрігерлер балаларға мереке ұйымдастырды

Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы институтының кішкентай пациенттері үшін бүгінгі күн ән мен құттықтаудан басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дүниежүзілік балалар күніне орай дәрігерлер оларға мереке ұйымдастырды. Мультфильм кейіпкерлері мен көпке танымал әртіс Самат Рамазанов ауыр дертке шалдыққан бүлдіршіндердің көңілін аулады. Балаларға «Кішкентай» лақап атымен таныс Самат көтеріңкі көңіл күйдің ауруды жеңуге көп көмегі тиетінін айтады. Жаралы жүректерді күлкімен емдеуге тырысып жүр. Балдырғандарға аз да болса көмегім тисе, арманым жоқ деп санайды.

Самат Рамазанов, клоун:

- Жағымды эмоция адам денсаулығына жақсы әсер етеді. Күлкі адам жүйкесін тынышталтып, уайымын сейілтеді. Ата-әжем: Балам үнемі күліп, жайдары жүр, -дейтін. Соны естен шығарған емеспін. Үйленген кезде ғана аздап жұмыстан сұрандым. Қалған уақытта үнемі осындамын. Балалар да сағынып қалады. Балдырғандардың қасында болған маған қатты ұнайды.