Жолдың жай-күйі балалардың тұрақты білім алуына кедергі келтіріп тұр

Оралдан таяқ тастам жерде орналасқан Ветёлки мен Новостройка ауылдарында балалар бірер күннен бері мектепке бара алмай отыр.

Өйткені қаламен арадағы жол ми батпаққа айналып, көлік қатынасы үзілген. Әр жауын-шашыннан кейінгі жағдай осы. Тұрғындар жол мәселесін соза бермей, тезірек шешіп беруді сұрап отыр.

Арман Медресов, жүргізуші:
- Күзде, көктемде осындай ғой жол. Тек бір күн жаңбыр жауса болды, езіліп кетеді. Екі ортаға қиын ғой жүру. Кейбіреулер кейде жаяу кетіп бара жатады осындай балшық күні, көлік болмаған соң.

Бұл жол Ветелки мен Новостройка ауылдарын қаламен байланыстырады. Ұзындығы 15 шақырым ғана. Алайда асфальт атымен жоқ. Осы аптада толассыз жауған жаңбырдан соң көліктер жер бауырлап, жаяулар толарсақтан саз кешіп жүр.

Жұмабай Бектасов, Ветелки ауылының тұрғыны:
- Осында 52 жыл тұрып келемін. Осы 52 жылдың ішінде айтып келе жатырмыз, айтып келе жатырмыз осы жолдың мәселесін. Қалада оқитын балалар бар, студенттер бар. Жұмыс жоқ ауылда. Сол жұмысқа баратындар таңның атысы жолда тұрады. Жедел жәрдем келе алмайды. Кеше жерлеуге де келе алмаған.

Қос елдімекенде 800-ге жуық адам тұрады. Ветелкиде негізгі мектеп қана бар. 10-11 сынып оқушылары қалаға барып оқиды. Ал Новостройка ауылында білім мекемесі мүлде жоқ. Мұндағы оқушылар арнайы автобуспен шаһарға тасымалданады. Бірақ жолдың жай-күйі балалардың тұрақты білім алуына кедергі келтіріп тұр.

Қойшыбай Мұқатов, мектеп автобусының жүргізушісі:
- Мынау мүмкін емес жүруге. Мына балалаларға қауіпті ғой. Қашан істейді мына жолды? Масқара ғой. Күнде 6 рейс істеймін осы балшықпен. Новостройкаға, сосын мынау Разъездте бар балалар. Мына балшықпен далалық жолмен де жүреміз.

Қала әкімдігінің өкілдері жол салуға қатысты жобалық-сметалық құжаттар жасақталғанын айтты.

Азамат Халелов, қалалық ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:
- Ветелки елдімекеніне апаратын кірме жолымыз бар. Жобасы жасалып, қазір мемлекеттік сараптамадан өтіп, дайын тұр. Жалпы 40-тан астам жобамыз бар. Ендігі жылы республикалық бюджеттен, облыстық бюджеттен, қалалық бюджеттен қаралған жобаларды осылардың ішінен алып, іріктеп жүзеге асырып бастаймыз.

Бұл екі ауылмен қатар, қаланың оңтүстігінде орналасқан Бортау елдімекеніне де жол салынбақ. 40 жобаны жүзеге асыруға кемінде 10 млрд теңге жұмсалады.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Қанат Махмұтов, Елдар Аюпов