«KEGOC» АҚ даму жоспары талқыланды

Ұлттық электр торабын одан әрі дамыту мәселесі «KEGOC» Акционерлік Қоғамының басшылығы, Энергетика министрлігі және Мәжіліс депутаттарының қатысуымен болған жиында талқыланды.

Отырыста 2035 жылға қарай генерациялайтын қуаттарды дамыту, электр энергиясы транзитінің әлеуетін арттыру және энергетикалық тәуелсіздікті күшейту жайы қаралды. Жүйелік оператор энергия нарығы жұмысын одан әрі жетілдіру бойынша өзге де жоспарын таныстырды.

Алдағы күзгі-қысқы кезеңде электр жүйесінің максималды жүктемесі 17 гигаватт көлемінде болжанады. Қолдағы көлемді есепке алғанда, 1 жарым гигаватт мөлшерінде тапшылық күтіледі. Аталған кезеңде дефицит одан да артуы мүмкін. Электр энергиясына қажеттілік Ресейден алынатын импорт арқылы жабылады,- деп түсіндірді «Кегок» компаниясының басқарма төрағасы Нәби Айтжанов.

Нәби Айтжанов, "KEGOC" АҚ басқарма төрағасы:

- Күзгі-қысқы кезеңді өткізуге электр желілері нысандарының жөндеу науқаны 100% сәтті аяқталды. Барлық жоспарлы жұмыстар атқарылды, материалдар қоры толықтырылды. Кегок-тың 2023-2024 жылдардағы күзгі-қысқы кезең жұмысына дайындық паспорты алынды. Келер жылы 547 объектіде 3 млрд тг сомасына жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.

Алдағы ірі инвестициялық жобалар аясында Ақтөбе, Сарыбай, Батыс жергілікті электр жүйесі дамытылады. Әсіресе батыс пен оңтүстік аймақтардың электр желілерін күшейтуге басымдық беріліп отыр.

Дүйсенбай Тұрғанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бүгінгі таңда біз енді бәрібір мәжбүр болып жүрміз Ресейден электр энергиясын импорттауға. Былтыр 940 млрд-тай квт/сағ болса, биыл 3 млрд квт/сағ-қа тақалып келе жатыр импорт. Сондықтан бірінші кезекте біз өзіміздің генерацияны көбейтуіміз керек.

2035 жылға дейін «KEGOC» тағы ауқымды жобаларды іске асырады. Оның ішінде Батыс энергожүйесін еліміздің бірыңғай электрэнергетикалық жүйесімен біріктіру, тұрақты ток желісін салу және тағы басқа маңызды бастамалар бар.