Қазақстанда жаңа тарифтік саясат іске асырылады

«Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында елімізде 62 мың шақырым инженерлік желілер жөнделмек, деп хабарлайды «Хабар 24».

2023-2029 жылдарға жоспарланған жобаға 3 трлн теңге инвестиция тарту көзделген. Жаңа тарифтік саясат – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы қордаланған мәселелерді шешуге және тұтынушыларға сапалы қызмет көрсетуге бағытталған.

Еліміздің жылу электр орталықтарында болған апаттар энергетика саласындағы шынайы жағдайдың бетін ашты. Ал жағдайды елемей, қол қусырып отырудың соңы ауыр салдарға апаратынын көрсетті. Энергетика саласындағы дағдарысты шешу үшін Президент сайлауалды бағдарламасында «Тарифті инвестицияға айырбастау» саясатын ұсынды. Тұжырымдама тозған жүйені қалпына келтіріп, монополистерді салаға қаржы құюға міндеттейді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Тариф саясатын түбегейлі қайта қарау, тариф белгілеудің жаңа әдістемесін енгізу және инвесторлардың қызығушылығын арттыру қажет. Табиғи монополия субъектілерінің бәріне 5-7 жылға дейін көңілге қонымды нарықтық тариф енгізген жөн. Яғни, баға тұрақты болса, инвестицияны нақты жоспарлауға мүмкіндік туады. Сонымен қатар монополистердің жауапкершілігін едәуір арттыру қажет. Бұл салаға цифрлық бақылау тәсілдері енгізіледі. Сол арқылы азаматтарымыз тарифтік смета және инвестициялық бағдарламалар туралы ақпарат алады.

Тозығы жеткен инженерлік желілер тұрғындарды әбден әуреге салды. Елде электр желілерінің үштен екісі, жылу коммуникацияларының 57%-і, су құбыры желілерінің жартысына жуығы ескірген. Жылумен жабдықтау саласындағы кәсіпорындардың да жай-күйі мәз емес, көпшілігі өткен ғасырдың ортасынан бері жұмыс істеп келеді. Бүгінде 27 кәсіпорын бойынша тозу деңгейі 65%-тен асады.

Нұрлан Болатбаев, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары:

- Бізде электр энергиясы саласында ең жоғары тозығы жеткен инфрақұрылымдар. Ол 70%-тен асады. Содан кейін мына жылу, су желілері. Енді өңірлерге келетін болсақ, солтүстік, батыс өңірлерде тозығы жеткен. Биылға 267 млрд теңге сома қарастырылған. Осының салдарынан 3,2%-ке тозуды төмендету көзделген.

Елімізде коммуналдық тарифтердің өсуі саладағы инфрақұрылымды жаңартуға ықпал етеді. «Тарифты инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында алдағы 7 жылда 60 мың шақырымнан астам инженерлік желілерді ауыстыру көзделген. Ал коммуналдық тарифтер орта есеппен 10-нан 30%-ке біртіндеп өседі.   

Нұрлан Болатбаев, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары:

- Негізделген шығындарды сала отырып, тариф қарастырылады. Енді айтарлықтай тариф өседі деген болжам жоқ. Бірте-бірте өсіру қарастырылған. Яғни, инфрақұрылымды жөндеуге кеткен шығындарға байланысты тарифтер өсетін болады. Бұл бөлікте барлығы тариф арқылы емес, бюджеттің де қаражаты қарастырылған.

Тиімді тарифтік саясаттың нәтижесінде осы салада еңбек етіп жүрген мамандар мен жұмысшылардың жалақысы өседі. Коммуналдық сала қызметкерлерінің, яғни сантехник, электрик, дәнекерлеушілердің жалақысы 50-ден 100%-ке артады. Бұл тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы 200 мыңға жуық жұмысшыны қамтиды.

Мұрат Ергешбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бұл салада жалақы төмен болғандықтан, кәсіби мамандарды жоғалтып жатырмыз. Тарифті кезең-кезеңімен өсіру арқылы еңбекақыны да көтеруге мүмкіндік бар. Қазір сантехник, электрик, дәнекерлеуші сияқты жұмысшылар аз. Осы бағдарлама арқасында жаңа кадрлар пайда болады деген үміт бар.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымындағы ауқымды жұмыстарды ел азаматтары да бақылай алады. Бұл үшін салаға цифрлық бақылау енгізіледі. Өйткені жылдар бойы жамаумен ғана күнелткен ел энергетикасын жаңғырту – күн тәртібіндегі өзекті мәселе.