Биыл Ақтөбе облысында 6 ірі бөгет жөнделді

Елді мекендерді су тасқынынан қорғауға бағытталған жұмысқа облыстық бюджеттен 1 млрд теңге шамасында қаржы бөлінді.

Бұдан бөлек еріген қар суынан жиналған көлшіктерді ауылшаруашылығы мақсатында қолдану жоспары бар.

Мәртөк ауданының Қазан ауылы тұрғындары үшін іргедегі сай-сала көктем келген сайын үрей тудыратын. Қардың суы ерігенде ескі бөгеттен асып,  елді-мекенге қауіп төнеді. Сондықтан наурыз айында суқойманы ауыр техникамен аршып, арнасына бұруға  тура келетін. Су деңгейі төмендеген соң қайта көміледі. Енді бұл міндетті автоматты жүйе атқарады.

Нұрсұлтан Әділхан, мердігер мекеме өкілі:

- 4 веткадан құралған 1220-лық труба қолданылған. Бұл жерде негізгі платинаның жалпы ұзындығы 255 метрді құрайды. Оның 143 метрін біз насыпь жасадық.

Гидротехникалық құрылғыны жөндеуге облыстық бюджеттен шамамен 98 млн теңге бөлінді. Нәтижесінде көктемгі су тасқынынан қорғап қана қоймай, ауылшаруашылығы мақсатында қолдануға да болады.

Орынғали Қонысбай, Мәртөк ауылдық округінің әкімі:

- Жалпы біздің жоспарымыз мұны әрмен қарай доверительный управлениеге беріп, осы ауылдың қызығушылық білдірген азаматтарымыз бар. Соларға беріп, әрмен қарай балық шаруашылығын дамыту сондай мақсатымыз бар. Негізгі бұл платинада жалпы мал суаруға және бау-бақша егуге, суаруға арналған.

«Мәртөк ауданының өзінде 25 млн текше метр еріген қар суы далаға кетеді», - дейді мамандар. Оны пайдаға жарату үшін ескі тоғандарды жөндеп, жаңасын салып жатыр. Нәтижесінде суармалы алқап көлемі  артады. Қазір Мәртөк ауданында мұндай 9 мың гектар жер болса, келер жылы тағы 600 гектарға көбейту көзделіп отыр.

Жомарт Бақыткелді, облыстық табиғи ресурстар басқармасы басшысының орынбасары:

- Жүргізіліп жатқан жұмыстар Әйтекеби, Мәртөк, Темір, Алға және Қобда аудандарында. Екеуі толығымен аяқталды. Үшеуін осы аптаның аяғына дейін тапсыру және біреуін жылдың соңына дейін тапсыру жоспарға енгізіліп тұр. Бұл құрылғылардың барлығы 30 жылдан астам жөндеу көрмеген.

Мамандар қазір өңірдегі ең ірі Ақтөбе, Қарғалы және Сазды суқоймаларының жайын зерделеуге кіріскен. Жөндеу жұмыстарына жобалық сметалық құжаттары әзірленіп жатыр. Бұдан бөлек облыста алдағы жылы 20 жаңа бөгет салынады.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев