WorldSkills VIII республикалық біріншілігінің алғашқы кезеңі басталды

Биылғы доданың бағдарламасына 2 жаңа құзыреттілік қосылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар – «мобильді қосымша жасау» және «өнеркәсіп автоматикасы». 22 жасқа дейінгі 500-ден астам колледж студенті 30 аталым бойынша бақ сынап жатыр. Оның ішінде металл дәнекерлеу мен құрылыс технологиясы, шаштараз қызметі, аспаздық өнері, IT-бизнес және робот құрастыру сынды салалар бар. Қатысушылардың жұмысын өз саласының кәнігі мамандары бағалайды. Чемпионаттың негізгі мақсаты – жұмысшы мамандықтарын насихаттау және еңбек адамдарының мәртебесін көтеру. Сайыс 25 қарашаға дейін жалғасады.

Дильшат Сүттібаев, Республикалық жоғары техникалық колледжінің 2 курс студенті:

- Менің жобамның атауы – кубик тасымалдаушы. Мен мұны колледждегі оқушылардан сұрап білдім. Осы жобамен айналыса бастадым. Бұл жобаның күрделілігі – механизм. Роботты қысу және тасымалдау кезінде қиындық тудырады. Бірақ бәрін шешуге тырысамын.

Гүлден Байзақова, ұйымдастырушы:

- 30 құзыреттілік бойынша 545 бала өз бағын сынамақ. Әрбір құзыреттілік бойынша анықталған жеңімпаздар келесі жылы Францияға халықаралық чемпионатқа аттанады.