Қазақстандықтар «Отбасының цифрлық картасы» арқылы жәрдемақы алып жатыр

Биыл елімізде «Отбасының цифрлық картасы» пайда болғаны белгілі.

Пилоттық бағдарлама іске қосылғалы цифрлық технологиялар арқылы 6 миллионға жуық отбасы әлеуметтік жәрдемақы алды. Қазір ақпараттық жүйе әлі де жетілдіріліп жатыр. Осы орайда Павлодар облысында қандай жұмыс атқарылды? Бұл туралы келесі сюжетте.

Мемлекеттік жәрдемақыны алу үшін халыққа қызмет көрсету орталығына немесе түрлі мекемелердің табалдырығын тоздырудың қажеті жоқ. Енді әлеуметтік көмек туралы ақпарат санаулы минутта өңделіп, мәлімет ұялы телефонға хабарлама арқылы түседі.

- Цифрландыру негізі ыңғайлы ғой. Алаяқтар қолданып кетпесе болды. Ал негізі ыңғайлы. Жеңіл болады. Енді оларға ауылдан бару керек қой, оған бара алмайды ғой. Дұрыс пайдаланып, қолданса, алаяқтар болмаса.

- Әрине, ыңғайлы. Үйде отырып, мемлекеттік қызмет алу жақсы ғой. Уақыт та үнемделеді.

Биыл мемлекеттік мекемеге өтініш жазбай-ақ, төлемақы алу мүмкіндігіне 220 мыңнан астам тұрғын ие болды. 1500-дей павлодарлық отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Қазір халыққа жәрдемақы мен әлеуметтік төлемдердің 11 түрі қолжетімді. Алдағы уақытта бұл тізім артады, - дейді мамандар.

Венера Демеубаева, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасының бас маманы:

- Оның ішінде атаулы әлеуметтік көмек бойынша қызметтер проактивті форматта алу мүмкіндігі бар. Бағдарламада әртүрлі ақпарат бар. Айтып өтсек, табыс деңгейі, жылжымайтын және жылжымалы мүліктің болуы, отбасының құрамы, несиелердің болуы және тағы басқа ақпараттарды көруге болады. Енді басталып жатыр ғой. Азаматтар көбісі алаяқтар деп қорқады, біздерге келіп сұрайды.

Жаңа жоба халыққа қызмет көрсету орталығы қызметкерлерінің жұмысын айтарлықтай жеңілдеткен. Соңғы кезде мұнда ұзын-сонар кезек байқалмайды. 

Айнұр Жұмабекова, халыққа қызмет көрсету орталығының маманы:

- Цифрлық карта «Smart data ukimet» базасымен біріктірілген. Бұл жерде барлық мемлекеттік органның мәліметтері жиналған. Біз отбасының жағдайы туралы бар ақпаратты ала аламыз. Әрине, жәрдемақы тағайындалған кезде деректердің бәрі тексеріледі. Десе де ортақ жүйені жетілдіру қажет. Проактивті режимде жұмыс істеу тәжірибесі табысты енгізіліп келеді.

Ендігі мақсат – 24 мемлекеттік органның мәліметтерін ортақ базаға біріктіру. Облыстағы барлық мекеме деректерді тыңғылықты тексеріп, толықтырып жатыр. Бұл жұмыс 2025 жылға қарай аяқталуы тиіс.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков.