Ақтөбе облысындағы қиындыққа мойымаған отбасы

Ақтөбе облысының тұрғындары Сергей мен Светлана Островскийлер зағиптығына қарамастан ауыл тірлігін дөңгелетіп әкеткен.

Қаладан ауылға бір күнде қоныс аударыпты. Қазір мал бағып, бау-бақша егіп отыр. «Қол ұстасып, кез келген қиындықты еңсеруге дайынбыз»,- дейді мүмкіндігі шектеулі жандар.

Ерлі-зайыптының бала күнінен көз жанарында ақау болған. Сергей Островский 8 жыл бұрын операция жасатып, кейін түк көрмей қалады. Светлана болса глаукома дертіне шалдығыпты. Соған қарамастан отағасы зағиптар қоғамында еңбек етіп нәпақа тапқан. Тынысы тарылып, демікпе пайда болғаннан кейін ауасы кең ауылға көшуді ойлапты.

Сергей Островский, Родников ауылының тұрғыны:

- Көзі көретін адамға ауыл тұрмысы қиын емес. Жұмыс істеуден қашпаса болғаны. Ертемен тұрып төрт түліктің жем-суын беремін. Тек кешкілік өрістен күтіп алу маған қолайсыздық туғызады. Кейде таныстарым ауылға көшкенімнің себебін сұраса ел-жер көріп, табиғат аясында тұрғын келді деп әзілдеймін.

Ерлі-зайыптының қаланы тастап, шағын ауылға көшкеніне бір жарым жылға таяған. Мәртөк ауданының Родников елді мекенінен тапқан баспананы бұрынғы иесі төрт-түлігімен бірге сатып кеткен. Бұған дейін мал ұстап көрмеген отбасына бастапқыда Светлананың ағасы қолғабыс еткен. Қазір 13 жастағы қызы қолғанатына айналды.

Светлана Островская, Родников ауылының тұрғыны:

- Ауламыздағы бақшаға қияр мен қызанақ, қырыққабат пен бұрыш егіп өнім алдық. Картоп егуге жеріміз тар боп тұр. Соның өзінде үлгергенімізше аз да болса қысқа қор жинадық.

Островскийлер қол ұстасып, кез келген қиындыққа төтеп беруге әзірміз дейді. Ауылдың күйбің тірлігін де күнделікті біріге атқарады. Келер жазда ескі үйді жөндеп, төбесінен тамшы ағып тұрған сарайдың шатырын жаңартуды көздейді. Зағип жандар еңбекқорлығымен ауыл тұрғындарына үлгі болып отыр.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев