СҚО-да тұрмыстық жанжал шығарған 500-ге жуық адам қамалды

Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері тұрмыстық жанжал шығарған 500-ге жуық адам қамалды.

Олардың басым бөлігі әйеліне қол көтерген. Биыл елде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заң күшейтілді.

Ащы судан ұрттап алған мына адам үйінің берекесін алды. 40 жыл отасқан   әйеліне тиісіп, әбден мезі қылған. Бұған шыдамған жұбайы ақыры далаға шығып кетіп, күннің суығында есік алдында отырды.

Дариға, жәбірленуші:

- 5-6 рет мас болады күніне. Тиыштық жоқ. Кішкене ұйықтап тұрды. Барып алып тағы ішіп келді. Далада жүрмін. Себебі дамыл жоқ.

Күйеуінен қорлық көрген әйел ақыры 102 – ге хабарласып, арыз жазды. Әйелге әлі келген отағасы полициға қарсылық көрсеткен жоқ.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Үйінде жанжал шығарған адамды қазір полция қызметкерлері алып кетіп жатыр. Енді оған қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, іс сотқа жеткізіледі. Ал оған дейін ол полиция басқармасында отырады.

Бұл бір үйдегі жағдайы емес. Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері тұрмыстық зорлық – зомбылыққа қатысты 2 мыңға жуық адам әкімшілік жауапқа тартылды. Көбіне әйелдер қорлық көреді.

Айнагүл Сауытбекова, облыстық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының инспекторы:

- Оның ішінде 487 азамат әкімшілік қамауға алынды. 279 азаматқа ескерту және 6 азаматқа айыппұл салынды.

Өңірде тұрмыстық зорлық – зомбылық көрсеткендер есебінде 200 – ге жуық адам тұр. Полиция қызметкерлері үнемі олардың үйіне барып, рейд ұйымдастырады. Қазір облыс бойынша «Құқықтық тәртіп» жедел – алдын алу шарасы өтіп жатыр.

Есепке алынғандар ара – тұра осылай уақытша ұстау изоляторына «қонаққа» келеді. Полицейлер камераларды көрсетіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Бірақ олардың осында түсу – түспеуі өздеріне ғана байланысты.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов