Шымкентте уақытылы тапсырылмаған бес нысанға қайтадан қаражат бөлінді

Шымкентте уақытында тапсырылмаған 5 бірдей әлеуметтік маңызды нысанның құрылысы қайта қаржыландырылды.

Бұл жолы бюджет ақшасының мақсатты жұмсалуы мен жұмыс барысын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері бақылауда ұстайды. Тексеру жүргізіп, талдау жасайды.

Адырбеков атындағы көше тәулігіне 5 мыңдай автокөлік өткізуге қауқарлы. Алайда жол құрылысының бес жылдан бері аяқталар түрі жоқ. Алғашқы мердігердің ісі шала болып, сот шешімімен жұмысы тоқтатылды. Ал одан кейінгі компанияның жұмысына топографиялық түсірілімнің дұрыс жасалмағаны кедергі келтірді. Салдарынан нысанды пайдалануға беру мерзімі желтоқсан айына ауыстырылып, жобаның бастапқы құны қымбаттаған.

Дәурен Ерғарин, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департамент басшысы:

- Мердігерлердің жұмысына кедергі келтірмей біз осы жұмысты мониторинг жасайтын боламыз. Біздің негізгі мақсатымыз ұзыққа создырмау және бюджет бағасын көтермеу. Яғни бюджеттік қаржыны талан-таражға салуға жол бермеу болып табылады. Сонымен қатар сыбайластық тәуекелдерін жоққа шығару. Қылмыстық схемаларды жоққа шығару.

Ұзаққа созылып кеткен құрылыстарды бақылауда ұстау туралы шешім Агенттік жанындағы қоғамдық кеңестің көшпелі отырысында айтылды. Елімізде дәл осындай 156 нысан болса, оның бесеуі Шымкентте. «Ақжар» қосалқы стансасының құрылысы да төрт жыл бұрын басталып, кейін тоқтап қалған. Ақыры, нысанды тапсыру мерзімі келесі жылға ауыстырылды. Салдарынан бизнес нысандары мен 50 мыңға жуық тұрғын сапалы электр жарығынан қағылды.

Ұлан Сарқұлов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары:

- Аумақтық департамент өкілдері инфрақұрылымдық жобалар бойынша құрылысы ұзаққа созылған бес нысанға мониторинг жүргізіп жатыр. Олардың қатарында Қонаев атындағы даңғылдың жалғасы мен Тұран шағын ауданына инженерлік инфрақұрылым тарту жұмыстары бар. Сондай-ақ «Ақжар» қосалқы стансасы бастапқы мерзімінен кешеуілдеген.

Тиісті мониторинг жұмыстарына «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы еріктілер» жобасының қатысушылары да жұмылдырылды. Белсенді топ өкілдері бір жылда біраз тәжірибе жинаған. Мемлекеттік сатып алу порталына жарияланған тендерлерге талдау жасап, заңсыздықтарды алдын-алуға көмектеседі.

Айжан Кесебаева, "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы еріктілер" жобасының мүшесі:

- Бұл тәжірибе нәтижелі екенін көрсетіп отыр. Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы төзбестік ахуалын қалыптастыруға немесе мониторинг жасай отырып заңбұзушылықтар анықтауға, қоғамдық бақылауды күшейтуге нәтижелі инструмент екенін дәлелдеп отыр.

Жергілікті атқарушы билік өкілдері мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа көшіріп, ашықтықты қамтамасыз етуге мүдделі. Автоматтандырылған жүйе сыбайластықты жойып, саланы жетілдіруге мүмкіндік береді,-дейді.   

Айдын Кәрімов, қала әкімінің орынбасары:

- Әкімдік өз тарапынан көрсететін 166 мемлекеттік қызмет бар. Соның 157-сі автоматтандырылды. Тағы екеуін жыл соңында автоматтандыру бітеді. Сөйтіп кезең-кезеңімен жалпы барлық қызмет түрлеріне автоматты түрде қызмет көрсетілетін болады. Бұл бірден-бір сыбайлас жемқорлықтың тәуекелдерін жоюға, оны азайтуға ықпалын тигізеді.

Әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысына жүргізілген талдау нәтижесі алдағы уақытта жарияланады. Сала мамандары бұл орайда кәсіпкерлердің де заңды құқығын қорғауды ұмытпақ емес. «Бизнеске жол» жобасы аясында мыңнан аса кәсіпкердің мәселесі шешімін тапқан. Департамент өкілдері жүздеген қылмыстық іс тіркеп, 80 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов