Жезқазғанда мемлекет қаржысын талан-таражға салған

Жезқазғанда жылу құбырларын жаңарту кезінде аса ірі көлемде бюджет қаржысы талан-таражға салынған.

2021 жылы тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің лауазымды тұлғалары құбыр ауыстыру жұмыстарын тым жоғары бағамен қабылдаған. Соның салдарынан қазынаның 223 миллион теңгесі артық төленген. Аталған қылмыс облыс прокуратурасы жүргізген тексеріс кезінде анықталды. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.

Айдос Әбдібаев, облыстық прокуратураның басқарма бастығы:

- Аталған факті бойынша облыс прокуратурасы қылмыстық кодекстің 189 бабымен, яғни сеніп тапсырған мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру бастап, оны Ұлытау облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департаментіне тапсырды. Қылмыстық істі тергеп-тексеру нәтижесі бойынша кінәлі адамдардың әрекеттеріне құқықтық баға берілетін болады.