Қостанай облысында субсидия уақытылы төленбеген

Қостанай облысында ауылшаруашылығы техникасына берілетін субсидия уақытылы төленбеген.

Әрбір техника бағасының 30 проценті мемлекет есебінен өтелуі тиіс еді. Бұл мәселе прокурорлар араласқаннан кейін, ішінара шешімін тапты. Облыстық ауылшаруашылығы басқармасы қожалық иелеріне шамамен 3 млрд теңге аударды. Құзырлы мекеме мамандары 850-ден астам серіктестіктің өтінішіне дер кезінде жауап бермей созбалаңға салған. Шаруалар екі апта емес, алты ай күткен. «Субсидия өтеу тәртібінің бұзылғанына қарамастан, ешқандай лауазымды тұлға жауапқа тартылмады», -дейді құзырлы орган өкілі.

Талғат Аханов, облыстық прокуратураның басқарма прокуроры:

- Себебі ауылшаруашылығы басқармасының басшысы мен оның орынбасары  тамыз айында жұмыстан босатылған. Сондықтан олардан жауапкершілік алынып тасталды. Прокурорлық қадағалау актісі бойынша 750 шаруа қожалығының өтініші бойынша 3 млрд 300 млн теңге инвестициялық субсидия төленді. Біздің білуімізше бюджет дефициты 4 млрд теңге шамасында. Облыстық әкімдік ауылшаруашылығы министрлігіне қосымша өтінім жолдаған. Қалған төлемдер қаражат түскеннен кейін жасалады.