Хостелдегі өрт құрбандарының отбасыларына бір миллион теңгеден беріледі

Алматыдағы хостелдегі өрттен қаза тапқан қазақстандық азаматтардың отбасыларына 1 миллион теңгеден материалдық көмек көрсетіледі.

Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады. Сондай-ақ жауапты мамандар хостел заңсыз жұмыс істеген деп отыр. Өртке қатысты қылмыстық іс тіркеліп, қызыл жалынның шығу себебі анықталып жатыр.

Жертөледе өмірі қыршын қиылған он үш адамның тоғызы Қазақстан азаматы. Екеуі Ресей, тағы екеуі Өзбекстанның тумасы. Жауаптылар бұл нысанды неліктен тексере алмаған?

Гүлжан Көленқызы, тілші:

- Баспана мәселесі бас ауруға айналған Алматыда соңғы уақытта хостелдер жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай көбейгені анық. Бағасы қалтаға сай болған соң сырттан уақытша жұмыс істеуге келгендер немесе студенттер көбіне хостелдерге табан тірейді. Бірақ олардың қауіпсіздігі назардан тыс қалып жатады. 

Бүгінгі болған өрт те соның дәлелі. Бір жарым ай бұрын ғана ашылған бұл хостел бұрын дүкен болған. Қайта жабдықтау туралы рұқсат құжаттары болмаған. Тілсіз жау туралы суыт хабар таңғы 5:33-те түскен. Бұл уақытта тұрғындардың дені шырт ұйқыда жатқан. Мамандар мораторийға байланысты бұл ғимаратты тексере алмағанын айтады. 

Бақытжан Наурызбеков, қала құрылысын бақылау басқармасының басшысы:

- Бұл нысанның хостел ретінде жұмыс істеуге ешқандай рұқсаты болмаған. Себебі нысанның мақсатты қолданылуы дүкен ретінде көрсетілген. Санитарлық-құрылыс нормаларына сәйкес, жертөледе хостел ашуға тыйым салынған. 

Хостелде тұрып жатқандардың біразы жұмыс істейтін жастар, араларында Алматыдағы әртүрлі жоғары оқу орындарының 12 студенті бар. Олар жатақхана керектігі туралы оқу орнына өтініш бермеген деді, бүгін брифинге қалалық жастар саясаты басқармасының өкілі. Бұл түні мұнда 72 адам болған. 59 адам өрт кезінде өздері сыртқа шығып үлгерген. 

Ахмед Файз Ахмед Әл-Гобаи,студент (Йемен):

- Дабылдан ояндық. Төлқұжаттарымыз бен сырт киімдерімізді алып үлгердік. Мен бірінші қабатта жататынмын. Жертөледе не болғанын білмеймін, өрт неден шыққанынан да хабарсызбын. Аман қалғанымызға қуандық. 

Әрсен Асылбеков, куәгер:

- Екіде ұйықтап қалдым, ояндым, мені оятып жіберді, астыға құладым. Түтін от, шығу қиын болды, біз енді ғана жанып жатқан кезде шыққан өзінде бізге қиын болды. Ұйықтап адамдарда шанс болмады. 

Ғылым және жоғары білім министрлігі өрт шыққан хостел ешқандай жоғары оқу орнымен келісім-шарт жасамағанын мәлімдеді. Тұрғындар өз еркімен орналасқан,-дейді. Өрттің шығу себептерін тексеру үшін Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов басқарған жедел топ Алматыға келді. Қазір арнайы комиссия құрылып, өрт себептері анықталуда. Ал аталған хостел толықтай жұмысын тоқтатады.

Сырым Шәріпханов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:

- Тексеру барысында аталған ғимараттың қолданылуына жауапты азаматтар анықталатын болады. Қалалық төтенше жағдайлар департаменті ол жерде болмаған, себебі, хостел базада тіркелмеген. Бүгін сол жерге барғанда өрт сөндіру құралдарын көрген жоқпын. Бұның өзі өрт қауіпсіздігін сақтау талаптарын бұзу болып саналады. 

Оқиға орнына барған қала әкімі Ерболат Досаев марқұмдардың туыстарына көңіл айтты. Әкімнің тапсырмасы бойынша қаза тапқан Қазақстан азаматтарының туыстары 1 миллион теңге көлемінде материалдық көмек алады. Әкімдік жерлеуді ұйымдастыруға және қаза тапқандардың денелерін туған жерлеріне жеткізуге көмектесетінін мәлімдеді.

Гүлжан Көленқызы, Эдуард Кон, Әбен Нарымбаев