Бүгін дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күні

Бүгін дүниежүзілік жүре пайда болған иммун тапшылығы синдромына қарсы күрес күні.

СПИД ауруы адамның иммун тапшылығы вирусының соңғы сатысы. Оны дер кезінде емдемесе адам өміріне қауіпті. Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығының дерегінше, биыл елімізде иммун тапшылығы вирусын жұқтырғандар саны азайды.

Алматылық Анна Вельбой адамның иммун тапшылық вирусын жұқтырғандардың бірі. Оны өзі ашық айтады. Бірақ қалай жұқтырғанын құпия ұстауды жөн көреді. Лимфа түйіндері үлкейген соң, бірден емханаға барған. Зерттеулерден кейін дәрігерлер АИТВ диагнозын қойған. Бірақ ол салы суға кетпей бірден өзін қолына алыпты. Содан бері екі жыл уақыт өткен. Емдік шаралардың нәтижесінде өзін қалыпты сезінеді.

Анна Вельбой, қала тұрғыны:
- Әрине, адамдар алғаш осы диагнозды естігенде өмірден түңіліп кетеді. Ештеңе көмектеспейді деп ойлайды. Негізі өйтіп депрессияға түсуге болмайды. Сондықтан, ақпарат көп болу керек. Әлеуметтік психологиялық қолдау да маңызды. Қазір менің бетім ашық. Түрлі шаралаларда өзімнің адамның иммун тапшылығы вирусын жұқтырғанымды айта берем. Осы аурумен күресетін қоғамдық ұйымда кеңесші болып жұмыс істеймін.

Салават Кабжалелов те сондай қордың бірінде кеңесші. Ол да осы вирусты жұқтырған. «Алғаш естігенде көпке дейін өзіме келе алмай жүрдім», - дейді. Осы жағдай шет жерде басқа біреудің басында болып жатқандай сезінген. Оның қалыпты өмірге оралуына отбасы көп көмектесіпті. Қазір осы бағытта адамдарды ақпараттандырып, аурудың алдын алу шараларына белсенді қатысып жүр.

Салават Кабжалелов, қала тұрғыны:
- Бірінші рет естігенде адам болған соң көз жасына ерік бердім. Кейін одан түк шықпайтынын білдім. Емделмесе созылмалы аурулардың қоса шығып кететінінен хабардар болдым. Ал терапияны дұрыс пайдалансаң ұзақ жыл өмір сүруге болады. Десе де, өзбасым басқалардың ауырғанын қаламаймын. Сондықтан, қоғамдық ұйымда жұмыс істеп жүрмін. Ол жерде тестілеу жүргізіп, ауруға шалдыққандардың қандай топқа жататынын анықтауға көмектесеміз.

БҰҰ-ның бағалауынша Қазақстан адамның иммун тапшылығы вирусы аз таралатын мемлекеттердің қатарына кіреді. Қазір елімізде осы вирусқа 32 мыңға жуық адам шалдыққан. Соның мың жарымнан астамы жүре пайда болатын  иммун тапшылығы синдромымен ауырады.

Ақереке Раушанбекова, дәрігер-эпидемиолог:
- ЖИТС дегеніміз АИТВ инфекциясының 4-ші сатысы. Бұл жерде вирус ағзаның иммунитетінің төмендігінен болады. АИТВ инфекциясының айрықша клиникалық белгілері болмайды. Адам бірнеше жыл бұл аурумен ауыратынын білмеуі де мүмкін. Ол кезде иммунитет төмендеуі, лимфа түйіндерінің үлкеюі, шырышты қабықтар, вирусты саңырауқұлақтардың, бөртпелердің пайда болуы кездеседі.

Өкінішке қарай, қоғамда мұндай адамдарды кемсіту, олардан қашқақтау әлі кездеседі. Оған қоса, осы диагноз қойылған науқастың өзіне де психологиялық көмек керек.  

Мәдина Мәлікова, психолог:
- Бірінші оларға көмек ретінде эмоцианалдық қолдау көрсетіледі. Өйткені ВИЧ туралы диагноз қойылған кезде адамда әртүрлі эмоционалды реакциялар болуы мүмкін. Шарасыздық, депрессия, шок оны қабылдай алмау деген сияқты. Оған байланысты біз оның эмоциясын түсіну арқылы, қадағалау арқылы, оны сабырға шақыру арқылы, оның диагнозды рационалды түрде қабылдауына көмектесеміз.

АИТВ - көп жағдайда жыныстық жолмен және есірткі инъекциясын қолданған кезде жұғады. Дегенмен, бұл үкім емес. Одан кейін де өмір бар. Індет тырнағына ілінгендер де отбасын құрып, дүниеге перзент әкеле алады. Ең бастысы олар өзгеге жұқтырмауы керек. «Осыған үлкен жауапкершіліпкен қарауы тиіс», - дейді дәрігерлер.  

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Валентин Лобанов