Креативті индустрия – кемел келешек кепілі

Креативті индустрия елімізде кенже дамыған салаға жатады.

Сондықтан шығармашылық индустрияны дамыту - туризм саласын өркендетуге серпін береді. Бұл Түркістанда өткен «Қазақстандық креативті туризм -2023» халықаралық форумына қатысушылардың пікірі. Ерекше форматтағы жиынға осы салада жемісті еңбек етіп жүрген мамандар мен сарапшылар және студент жастар қатысты. Форумда туризмі дамыған елдердің осы бағыттағы тәжірибесі таныстырылды. Одан бөлек, озық ойлы жастардың креативті жобалары мен идеялары талқыланды. Себебі сарапшылар «креативті индустрияны жастардың қатысуынсыз іске асыру мүмкін емес»,-дейді. Сондай-ақ креативті индустрия ұғымының аясы өте кең екенін айтады. Ол - шоу-бизнес, кино, эстрада, анимация, көркемсурет, қолөнер, ІТ-жобалар, креативті архитектура мен туризм және өзге де көптеген бағыттарды қамтиды. Экономикалық зерттеулер институтының мәліметі бойынша, еліміздегі экономиканың креативті секторының жалпыұлттық ішкі өнімдегі үлесі 2-3 пайыз. Бұл басқа салалармен салыстырғанда жақсы көрсеткіш,-дейді мамандар. Ал Түркістан облысы еліміздегі креативті индустрияны дамыту әлеуеті жоғары өңірге жатады.

Ахмет Хамди Гювенч, YDA Group бас директоры (Түркия):

- Креативті индустрияны дамытуда жастардың пікірі мен идеясына тәуелдіміз. Бүгінгі форумның соның бастамасы деуге болады. Біздің жастардың ойын жүзеге асыруға күш саламыз. Ал оны Түркістаннан бастауымыздың да мәні бар. Себебі Түркістан облысы республикада біркүндік келушілер арасында топ-3 бағытқа кіреді. Одан бөлек сауалнама нәтижелері тағы да қайтып келгісі келетін ТОП-5 бағыттың қатарына енгенін көрсетті. Қазіргі кезде Түркістан ел ең көп саяхаттайтын аймақ ретінде белгілі.