Жезқазғандық Ксения Гапоненко қазақтың 60 күйін жатқа біледі

Қаршадайынан қара домбыраны меңгерген ол қазір музыкалық колледжде оқиды.

Қазақтың күйін күллі әлемге танытсам деген арманы бар Ксения «Күйшілік өнер» мамандығын таңдаған. Болашақта шәкірт тәрбиелеп, қазақ күйлері жөнінде ғылыми жұмыспен айналыссам дейді.

Ксения өнер мектебінің түлегі. Қазақтың мәдениеті мен әдебиетіне, тілі мен салт-дәстүріне қызығушылығым дәл осы домбырадан басталды, дейді.  Ұлттық аспапты жетік меңгерген ол енді қазақ тілін үйренуге ден қойған. Музыкалық колледжде қазақ тобында тәлім алады.

Ксения Гапоненко, Жезқазған қаласының тұрғыны:

- Күйзілес болғанда қолыма домбыра алсам болды көңілім көтеріледі. Домбырада ойнап рахаттанып қаламын. Құлақ құрышын қандырар күй күмбірлей түскенде жан сарайың ашылып, толқыныс пен тыныштық сезімін қатар сезінесің. Домбыраның әсем үніне ғашықпын.

Күйді үйрену бір бөлек, ал нақышына келтіре орындау асқан шеберлікті қажет етеді. Сондықтан Ксения әуелі сол шығарманың тарихымен танысып алады. Қазірдің өзінде 60-тан астам күй білетін өнерпаз қазақтың күйшілік өнеріне тән 7 мектепті түгел меңгерсем, дейді.

Бақытжан Есмағанбет, ұстазы:

- Талабы жоғары. Менің де бұл балаға қоятын талабым жоғары. Дайындықтың бәрін өз бетімен жасап келеді. мысалы, телефонда диктофон бар ғой, соған менің орындауымдағы күйді жазып алады да, соны күніне 20-30 рет тыңдайды. Әбден құлаққа сіңгеннен кейін қолы жаттығып жаттау жеңіл болады. соның арқасында аптасына кемі 2 күй жаттайды.

Ксения домбырамен қатар күйсандықты да меңгерген. Болашақта жетіген үйренуді жоспарлап жүр. Себебі, домбыраның қос ішегі мен жетігеннің үнінде түгел тарих сөйлеп тұрғандай сезіледі, дейді.

Ксения Гапоненко, Жезқазған қаласының тұрғыны:

- Мен болашақта үлкен сахнаға шыққым келеді. Музыкант болғым келеді.

Осы уақыт ішінде Ксения түрлі деңгейдегі көптеген байқауға қатысып үлгерген. Жақында республикалық «Мың бала» жобасында үздіктер қатарынан көрінді.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшаһира Серекбаева