Ақтөбелік белсенділер әйелдерге жекпе-жек түрлерін үйретіп жүр

Ақтөбелік қоғам белсенділері әйелдерге жекпе-жек түрлерін игеруге кеңес береді.

Тіпті нәзік жандыларға қорғанудың әдіс-тәсілдерін үйретуге де әзір. Жыл басынан бері облыс тұрғындарынан тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 102 нөміріне 5400 қоңырау түскен. Отбасында ойран салушыға қатысты 4200-ден астам хаттама толтырылды.

Дағдарыс орталығынан қолдау тапқан бұл әйел күйеуінен бірнеше жыл бойы қысым көріп келді. Алғашында дауыс көтерумен шектелсе, кейін масаң күйде соққыға жығатын болды, дейді. Кезекті отбасылық жанжалға куә болған көршілері полицейлерге хабарласып шара қолдануын өтінген. Зардап шеккен әйел балаларымен осы орталықтан пана тапты. 

Қала тұрғыны:

- 1-2 апта өткеннен кейін еркін сөйлей бастадық, еркін жүре бастадық. Балаларым "мама, қандай жақсы екен. Неге бұрын кетіп қалған жоқсың? Өзіміз осылай өмір сүре берейік", деп балаларым қуана бастады. Сол кезде ғана түсіндім ертерек кету керек екенімді. Жалпы көріп отырған жас келіншектер, аналар егер сіз осындай жағдайға тап болсаңыздар міндетті түрде 102-ге хабарласып, 150-ге хабарласып осындай орталыққа келіп, өміріңізді өзгертуге мүмкіндіктің бар екенін есіңізде сақтап жүріңіздер. 

Қазір Ақтөбе тұрғыны жұмыс орнын ауыстырып, қосымша мамандықты да игерген. Өткенді ұмытып, жаңа өмірге қадам басуға дағдарыс орталығы септігін тигізіпті. Жыл басынан бері бұл жерде 35 әйел мен 68 бүлдіршін пана тапты. Барлығына психологиялық көмек көрсетілді. Дағдарысқа ұшыраған жандарға табыс көзін табу жолдары да үйретіледі. 

Динара Рабаева, дағдарыс орталығының әлеуметтік қызметкері:

- Жұмысқа орналасуға көмектесеміз. Егер мамандығы болмаса түрлі курстарға бағыттап, кәсіп үйренуге жағдай жасаймыз. Әйелдер тігінші, флорист, мобилографияны игеріп жүр. Тіпті тігін ательесін ашып, бизнеске қадам басқандар да бар. 

Отбасында қысым көрген жандар көмек сұраудан қашпау керек, дейді мамандар. Себебі дер кезінде шара қолданылмаса, арты қайғылы жағдайға ұласуы мүмкін. Жыл басынан бері Ақтөбе облысында жақынының қолынан 3 адам қаза тапқан.

Ақгүл Қасанғалиева, облыстық ПД Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы:

- Биыл 16 қылмыс тіркеліп тұр. Ол 16-ның ішіндегі 10-ы әйелге қатысты жасалған қылмыстар. Оның ішінде үшеуі адам өлтіру, төртеуі денсаулыққа орташа зиян келтіру, алтауы денсаулыққа ауыр зиян келтіру. 

Арқа сүйер азаматынан қысым көрген әйелдерге ақтөбелік қоғам белсендісі қорғаныс әдістерін үйренуге кеңес береді. Жаттығу сағаттарын да өткізіп жүр. 14 жасқа толған кез келген қыз-келіншекке тегін сабақ береді. 

Айнұр Когай, қоғам белсендісі:

- Біз қорғану әдістерін үйретеміз. Жұдырығын ала жүгірген адамды тоқтатып, қауіп-қатерден құтылу жолдарын көрсетеміз. Себебі әйелдердің қорғанамын деп асыра сілтеп, арты қайғылы жағдайға ұласып жатқаны да бар. Тұрмыстық зорлық-зомбылық түрлерін жіктеп үйретеміз. Ол отбасылық, психологиялық немесе қаржылық тәуелділік те болуы мүмкін. 

Өңірде қазір «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» республикалық акциясы өтіп жатыр. Шара аясында ондаған кездесу өткізген полицейлер қалың бұқараны «үнсіз қалмауға» үндейді. Яғни тұрмыстық зорлық-зомбылыққа «отбасылық мәселе» ретінде қарамай, қиын жағдайға душар болғандарға қол ұшын беру маңызды. 

Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков