Ардагерлер ансамблі Қырғызстанда концерт қойды

Алматыдағы Алатау ауданының Ардагерлер ансамблі Қырғызстанда концерт қойды.

Қазақы әуен мен күмбірлеген күй көпшілікті тәнті етті. 52 өнерпаздан құралған топ осыған дейін Американы бағындарса, енді көршілес қырғыз жерін думанға бөлеген.

Ансамбльдегі қариялардың ең үлкенінің жасы 80-нен асса, ең кішісі 65-те. Мұндай жаста көп алдына шығып, ән айтып, би билеудің өзіне күш-қуат керек. Осы ыстық қайраттың арқасында, ардагерлер мұхит асып, гастрольдік сапарларға шығып жүр.  

Сағатулла Таубалды, Алатау аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы:
- Осының алдында АҚШ-тағы қазақтарға барып концерт қойып келдік. Біз мұны дәстүрге айналдырып келе жатырмыз. Енді қазір концертіміз басталады. Екі елдің арасындағы осы ынтымағымыз ешуақытта ажырамасын. Мәңгілік болсын.

Концерттің Манас ауылында өтуі бекер емес. Өйткені, қазақтардың басым бөлігі осы өлкеге шоғырланған. Алыстағы қандастарымыз жүрегіне жақын қазақтың әні мен күйін естіп, атамекенге деген сағынышын басқандай болды.

Тамара Болотова, Қырғызстандағы қазақтар қауымдастығының төрағасы:
- Келген жұрттың ықыласы ерекше болды. Мұндай концерттерді көбірек өткізу керек. Зейнеткерлердің осылай келгенінің өзі бізге ерекше күш береді. Үйде отырмай, жер аралап, ел кезіп, өнер көрсетіп жүр. Не деген үлгі! Әсіресе жастар үшін үлкен өнеге.

Мәдениет үйінің залы көрерменге лық толы болды. Себебі мұндай тегін әрі тамаша концерттер бұл өңірде жиі өте қоймайды.

Авторлары: Фариза Жанғанаева, Бакыт Чермашев