Ақтөбе облысында 30-ға жуық спорт кешені салынып жатыр

Тек Әйтеке би ауданының үш ауылында тиісті талапқа сай нысандардың құрылысы қолға алынды.

Қарашатау орта мектебінде жасақталған қыздар футбол командасы ауылдың ғана емес, Әйтеке би ауданының мақтанышы. Себебі, топ облыстың үш дүркін чемпионы. Биылдың өзінде, республикалық сайыста жүлделі үшінші орынды иеленді. Қазір кезекті жарысқа дайындалып жатыр.

Аружан Сағынбай, қыздар футбол командасының жетекшісі:
- Күнде дайындық. Күнде мектепке келіп дайындаламыз кешкісін. Командамыздың қыздарының барлығы позициясында жақсы ойнайды. Барлығы өзінің ойынымен ерекшеленеді.

Бұл команданың Құмқұдықтағы мектептің спорт залынан басқа жаттығатын жері жоқ. Ал зал күндіз оқушылардан босамаса, кешкісін спортқа құмар қыз-жігіттерге толады. Тіпті білім ұясының жер төлесі де күрес ойынына лайықталыпты. Одан бөлек футбол, волейбол және асық ату ойыны да дәріптеледі.

Айдын Пірмағамбетов, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі:
- Жастардың саны жылда, жыл санап артуда спортқа деген. Мысалыға алатын болсақ, былтыр 10-15 жастар кешкі мезгілде келіп жаттығатын болса, қазіргі таңда 20-30 шақты жастар келіп, барлығы осы шағын спорт залдың ішінде дайындалып жатыр. Енді алдағы уақытта біздің ауылымызда спорт кешені салынып жатыр жаңа. Сол спорт кешенінде дайындаламыз деп ойлаймыз.

Спортқа әуес балалардың көбеюіне орай, қазір ауылда дене шынықтыру - сауықтыру кешені салынып жатыр. Ашылған кезде, бірден бірқатар спорт түрінен жаттықтыру жүреді. Бүгінде дәл осындай нысан Құмқұдықтан өзге, Қарабұтақ және Әйке елді мекендерінде де тұрғызылған. Қазір құжаттары рәсімделіп жатыр. Ал аудан орталығындағы кешен сынға ұшырап отыр. Себебі, 2018 жылы басталған ғимарат құрылысы әлі аяқталған жоқ. Осы уақытқа дейін екі мердігер жұмыс атқарса да, нәтиже болмай тұр.  

Мақсат Орынбасар, Әйтеке би ауданы әкімінің орынбасары:
- Қазіргі таңда бұл спорттық кешен техникалық зерттеуден өткізіліп, жобалық-сметалық құжаттамаға тиісті өзгертулер енгізіліп, рәсімдер аяқталатын болады.

Ауданда дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін салу спортқа құмар тұрғындардың көптігінен қолға алынған. Бүгінде өлкеде тұратын 20 мыңнан астам адамның шамамен 9 мыңы түрлі секцияларға барып жүр. Ал облыс бойынша бүгінде 30-ға жуық спорт кешенінің құрылысы жүріп жатыр.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев