Депутаттар су бөгеттерінің жағдайына алаңдаулы

Қазақстандағы су тапшылығы проблемасы шешімін табар емес.

Бүгін мәжілістің кезекті отырысында депутаттар осы мәселеге қатысты алаңдаушылығын білдірді. Депутат Бақытжан Базарбек "елімізде бөгет, тоған, су қоймасы мен торабы сияқты 1478 гидротехникалық нысан бар. Олардың 333-і республика, 895-і – коммуналдық, ал 228-і жеке меншік иелігінде. 22 нысан тіпті қараусыз қалған", -дейді. Жекенің қолына өткен стратегиялық нысандар болса мемлекет назарынан тыс қалған. "Мұндай су қоймаларының қазіргі жай-күйі және онда қандай шаруалардың атқарылып жатқаны беймәлім," - дейді депутат. Мысалы, бөгеттердің салынғанына 30-40 жылдан асты. Демек, апат қаупі жоғары. Құзырлы мемлекеттік мекеме тарапынан бақылау мен мониторингтің әлсіз екенін айтқан депутат, дереу тексеріс жүргізуді ұсынды. Жалпы, ауызсу тапшылығын болдырмауға қатысты мәжіліс депутаттары бұған дейін де бірнеше сауал жолдаған еді.

Бақытжан Базарбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Су қоймаларын, дамбаларды, көлдерді, бөгендерді және тағы да басқа стратегиялық маңызды су нысандарын мемлекет балансына қайтару шараларын қолға алу, дереу тексеру жұмыстарын ашу қажет болып тұр. Және әрине, су ресурстарын ұтымды пайдалану маңызды. Халқымыз «Судың да сұрауы бар» деп бекер айтпаған. Сол себепті бұл салада заңсыздыққа жол беріп, талапқа бағынбайтындар қатаң жазаға тартылуы тиіс деп есептеймін.