Биыл «Болашаққа» 30 жыл

«Болашақ» бағдарламасында енді медициналық және техникалық мамандықтарға басымдық беріледі.

Тағы бір жаңалық - бүгін осы жобаның логотипі өзгерді. Қарлығаштың бейнесі енді.

Биыл «Болашаққа» 30 жыл. Мерейлі белеске орай Астанада мерейтойлық форум өтті.

Қорған Қонысбайұлы:

- Отыз жылда бағдарламамен 12 мың 600 ден аса қазақстандық жиһанның үздік деген университеттерінде оқыды, білім көкжиегін кеңейтті, ел көрді, әлем таныды. Сөйтіп елге бір-бір ғалым һәм әлеуеті жоғары кадр болып оралды. Бүгінде солар сан-салада еңбек етіп, елден алғанын, елге беріп жатыр.

Бұл Адат Әділхан. Бұла шағында «Болашақпен» Ұлыбританияда білім алған азамат. Меңгерген мамандығы – құрылысшы. Оқығанын, көңілге тоқығанан сұрадық, «үйренгенім көп» деді.

Адат Әділхан, «Болашақ» бағдарламасының түлегі:

- Ұлыбританияда құрылыс инновацияларын меңгердік, зерттедік. Елге оралғанда мына пандемияның өршіп тұрған кезі. Дәл сол кезде мен мына Қазақстандағы алғашқы модэкс заманауи модульдік зауытына үлесімді қостым. Яғни оның құрылысына және іске қосылуына. Бұл модульдік методика арқасында елордамызда 3 апта ішінде жұқпалы аурулар орталығы салынды.

Адат Әділхан Ұлыбританияда оқыса, Медет Махамбет Литва көрген азамат. Балтық маңындағы елде құлаққа жаңа тәсілмен операция жасауды меңгерген. Жат жерден көріп келгені, түйіп келгені аз емес.

Медет Махамбет, «Болашақ» бағдарламасының түлегі:

- Сөйтіп жүрген кезде ой келді, құлақтың операцияларын қалай кішкене жеңіл қылып жасауға болады, науқасқа да жеңіл, ауруханаға да тиімді, хирургтың өзіне де істеуге жеңіл болатын, сөйтіп ізденіс үстінде жаңа тәсілмен, ол яғни құлақтың артынан тілік жасамай, құлақтың тесігі арқылы кіру. Сөйтіп кішкентай ғана тілікпен жасалатын операция. Бұл жаңағы айтып өткендей хирургқа жасауға жеңіл, өйткені ол 1,5 см құлақтың көлемі үлкен экранға шығарылып, мың есе үлкейеді. Ол саған көруіңе ыңғайлы және жұмыс істеуге қай жерде бір қиын тұстарын көруге көмек тигізеді. Ол бір.

Екіншіден – осы әдіспен жасалатын операцияға қажетті аппарат арзан. Демек ем-дом құны да қалтаны қақпайды. Үшіншіден – науқас операциядан кейін тез қалпына келеді. Жаңа тәсілмен жыл басынан бері Астанада 70 адамға операция жасалған. Енді бұл тәжірибені аймақтарға тарату көзделіп отыр. Көңіл сүйсінеді, шіркін! Келесі бір түлек - Әлішер Тұрсын. Бұл жігіт Швейцарияда туризм саласы бойынша білім алған. Енді біздегі туризмді цифрлық жүйе арқылы дамытсам дейді.

Әлішер Тұрсын, «Болашақ» бағдарламасының түлегі:

- Мобильдік қосымшаны бастасақ деген ниетіміз бар. Соған қазіргі уақытта дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Мынау жалпы турист келгеннен кейін қандай ақпараттар керек болады, қай тілде керек болады және ең басты нәрсе ол жерде біздің отандық туристік қызметті көрсететін мамандарға да қолжетімді көмек керек. Өйткені мемлекеттік қолдау шаралары болсын, басқа да шаралар болсын оның бәрі бір универсалды мобильді қосымшада болса біздің өзіміздің туристерге де, басқаларға да тиімді, қолайлы болады деп ойлаймын.

Үш жігіттің оқыған елдері әртүрлі, меңгерген мамандығы да бөлек. Бірақ, бұл үшеуін «Болашақ» біріктіреді. 1993 жылдан беріле бастаған халықаралық стипендия - тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында білімге құштар азаматтарға салынған инвестиция еді. Сөйтіп "Болашақ" баянды болды. Отыз жылда бағдарламамен 13 мыңдай қазақстандық шетте оқып келді. Оның 2 жарым мыңнан астамы бакалавр, 7 мыңға жуығы магистр, 200-ден астамы PhD дәрежесін алса, тағы екі жарым мыңы тағылымдамадан өтті. Қазір 1400-ден астам қазақстандық әлемнің жоғары оқу орындарында білім алып жатыр. Отыз жылдыққа арналған форумға 500-ден астам түлек жиналды. Мерейтойға орай мемлекет басшысы құттықтау сөзін жолдады.

Тамара Дүйсенова, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- Құрметті Форумға қатысушылар! Баршаңызды «Болашақ» халықаралық стипендиясының белгіленгеніне 30 жыл толуымен құттықтаймын! Мемлекет адал азаматқа тән қасиеттерді бойына сіңірген дарынды, еңбекқор, талапты жастарды әрдайым қолдайды. «Болашақ» бағдарламасының түлектері ғана емес, еліміздегі барлық жас мамандар Қазақстанды жан-жақты жаңғырту жолындағы келелі іске өз үлесін қосады деп сенемін. Баршаңызға бақ-береке, толағай табыс тілеймін! ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Болашақтың» керегесі кең. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғылыми кадрлық әлеуетті нығайту мақсатында «500 ғалымды» ғылыми тағылымдамадан өткізу туралы тапсырма берген. Нәтижесінде 700-ден астам ғалым жаһандағы жетекші ғылыми зертханаларда жұмыс істеп келді. Енді бірнеше мамандыққа басымдық берілмек.

Әлия Оспанова, "Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ басқарма төрағасы:

- Ең бірінші біздің бағдарламамыз қазір медициналық, техникалық кадрларды дайындауға бағытталған. Сонымен қатар ғылыми бағыттарды анықтауда. Сол себептен елімізге одан да көп жақсы жаңалықтар алып келеміз деп ойлаймыз.

Елу жылда ел жаңа. 30 жылда «Болашақ». Бүгін бағдарламаның логотипі өзгерді. Жобаға қарлығаштың бейнесі енді. Бұл ұшқан ұяға оралып, туған жерге қызмет қылуды ұғындырып тұрғандай.

Авторлары: Қорған Қонысбайұлы, Жандос Битабаров