Шымкентте істен шыққан бағдаршамдар ауыстырылады

Шымкентте қос шағын ауданның тұрғындары өркениет игілігіне жарымай келеді.

Үш жыл бұрын салынған асфальт жолдағы бағдаршамдар жарамсыз боп қалды. Көшедегі шамдар істемей тұрғандықтан жол-көлік оқиғалары жиі тіркеледі. Полицейлердің мәліметінше жыл басынан бері «Шымсити» мен «Тұран» шағын ауданы аумағында 18 көлік апаты болып, 3 адам қаза тапты. Қалалық әкімдік құрылыс жұмыстарын жүргізген мердігерді сотқа беріп жеңіліп қалды. Енді істен шыққан бағдаршамдар қазына қаржысы есебінен ауыстырылады.

Ерболат Айнабеков, "Шымсити" шағын ауданының тұрғыны:

- Бұл жерлерде тек көлік апаттары ғана емес жарықтардың жанбауына байланысты адамдарды да қағып кету фактілері тіркеліп жатыр. Қараңғыда көрмей қалады. Қазір қыс ауасы. Күн ерте батады. Мектептен оқушылардың қайтуына, келіп-кетуіне де қиындықтар туғызуда.

Нұрбол Ілесов, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы:

- Жарамсыз бағдаршамдардың бәрін қазіргі таңда демонтаждап, қайтадан орнына жаңасын қою үшін 2024 жылға 12 орынға бағдаршамдар орнатуға бюджеттік өтініш берілді. Қазіргі таңда бюджеттік өтініш қолдау тапты. Алдағы кезекте мемлекеттік сатып алу конкурсының нәтижесіне сәйкес 2024 жылға жоспарлануда.