Соғымыңыз шүйгін болсын!

Қыс болмайды деп жүр едік, мына аяз біраз сілемізді қатырды ғой.

Бүгін 25 градус суық. Осындай аяздың болғаны жақсы емес пе?! Осы күндері біраз ел буын бұрқыратып соғым сойып жатыр.   

Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай... Көрпесіне қарай көсілетін, мұртын майламаса да, ұртын толтырып жейтін қазақ дәл осы уақта соғым іздейді. Көбі қазысы екі еліден кем шықпайтын жылқы малына көз салады. Жабағы, құнан, дөнен, бұйырса ту биеден дәмелі.

Нұрхан Мыңбаев, публицист, этнограф:
- Соғымға қазақ қашан да жылқы сойған. Сиыр мал соғымға жатпайды. Оны ет үшін күздік кезде қасап, балалардың сулық-сорпалығы үшін сойылады. Ал жылқы малы ол соғым. Ол жылқыны неге желтоқсанда сояды? Жылқының етінің өзі қуатты болады. Ыстық. Анау мынау аязына қата да қоймайды. Жылымық кезінде жылқы сою деген обал болады. Ет ысырап болады бостан босқа.

Дәл осы мезгілде жылқы жарықтық қазысын қабырғасына жинайды. Қазақта даладағы жылқысын иіріп, ішінен сойыс малын ұстайды. Қазысы келіспесе базарға жүгіреді. Елорданың мал базарын біз де шолып қайттық.

Алмас Жағыпаров, сатып алушы:
- Қазақ жылқы жеген халықпыз. Сондықтан жылда жылқы союға тырысамыз. Соғымымыз биылғы жылқы боп тұр. Баға жағына келсек былтырғыға қарағанда қатты қымбат та емес, арзан да емес сол баға. Енді өзіміз қазақ болғаннан кейін, қар жауғаннан кейін, ақ қарда жылқы аяз түскенде семіреді. Сондықтан осы желтоқсан айында алуға тырысамыз.

Саят Калитов, мал сатушы:
- Таңдайтын еш қиындығы жоқ. Біз мұнда көрсетеміз қандайы керек. Бармақ қазы десе бармақ қазы, екі елі десе екі елі. Көбісі ұрғашы малдар болады бұл жерде. Бармақ қазы, екі елі деген жылқыдан білініп тұрады өзі. Қабырғасы, жүні жылтырап, әдемі болып көрініп тұрады. Жалына қарайды жылқының, денесіне қарайды, жаясына қарайды. Жаясы домалақтау болады, олар демек семіз деген сөз.

Мал сатқан ағайынның айтуынша еттің бағасы былтырғыдан көп өзгермеген, келісі 2 500-2 700 теңгенің аралығында. Жылқы семіз болса алушының да аңсары ауады, сатушының да саудасы қызады.

Нұрхан Мыңбаев, публицист, этнограф:
- Қар түскенде жылқы тебінге шығады. Тебінге шыққанда жылқы энергиясынан айырылады. Ол кезде ол қазысын жей бастайды. Негізі қысыр бие сояды, 5 жасқа толмаған жылқы сояды. 2 сағатта піседі ғой ол. Енді кәрі жылқы сойсаң өзің білесің.

Этнографтың айтуынша білетін жұрт қолға байлаған малды емес, тебінгіде жүргенін сояды. Яғни қазақ жылқыны қар бастырып, бір аяз көрсетіп барып пышаққа жығады.

Ауа температурасы кешегі күндерге қарағанда күрт төмендеді. Күн суытып, аяз күшіне мінді. Жылы жүру тек киімге ғана байланысты емес. Жылы жүру үшін жеген тамағынызда дұрыс болу керек. Желтоқсанның желді аязында жылқы етің жеп жылы жүрейік. Соғымдарыңыз майлы, көңілдеріңіз жайлы болсын.

Авторлары: Әлішер Әли, Ерлан Наурызбаев