Ақтөбе облысында асылтұқымды мал саны артып келеді

Әсіресе арғымақ пен қазанат және әулиекөл сиырын өсірушілер көбейген.

Шаруаларға берілетін субсидия көлемі де ауқымды. Биыл мал шаруашылығы үшін 6 миллиард теңге бөлініпті. 

Ханкелді Бигелдинов – Аралтөбе  ауылының белді малшысы. Қазір 90 бас асыл тұқымды сиыр бағып жүр. Ірі қараны қожалық бір ай бұрын Қостанай облысынан әкелген. Ал бұның алдында еліміздің әр өңірінен Еділбай қойы мен Мұғалжар жылқысын алған.

Ханкелді Бигелдинов, малшы:

-Осыдан жақсы өнім аламыз ба деген келешекте үмітіміз бар. Суыққа төзімді. Бағып жатырмыз. Далада жатыр әлі, міне. Қораға қамап жатқанымыз жоқ. Жерсініп жатыр жақсы.

Көрші шаруашылықта да әулиекөл сиыры өсіріліп жатыр. 64 бас Әйтеке би ауданының суы мен жайылымына тез жерсінген. Ал аудан бойынша биыл 8 қожалық асыл тұқымды мал сатып алды. Осылайша төрт түлік тұқымын жақсартуға ден қойған шаруашылықтар саны былтырға қарағанда 35-тен 43-ке жетті.

Омар Әбдіғалиев, Қызылжұлдыз ауылдық округінің әкімі:

-Бұдан былай әрі қарай тағы да жалғасын табайын деп тұр. Тағы да басқа шаруа қожалықтары бар, етті тұқымдас, әулиекөл малдан әкелеміз, тұқымын өзгертеміз малдың. Етті жақсы береді. Енді осы тұрғанда бұлар 170-180 келі ет беріп тұр. Әрі қарай, 250-ге шейін береді ғой уақытына келгенде.

Бұл бағытта көрсетіліп жатқан мемлекеттік қолдаудың үлесі зор. Малдың сапасын жақсартуға ден қойып, асыл тұқымды қошқар, бұқа және айғыр сатып алғандарға да субсидия қарастырылған.

Мереке Бисенбин, ауыл шаруашылығы басқармасы бөлімінің бас маманы:

-Облыс бойынша сиыр 12, 9 пайызы асыл тұқымды. Қойдың 13,8 пайызы, жылқының 18, 5 пайызы, түйенің 3,9 пайызы асыл тұқымды болып есептеледі. Бұлардың барлығына да асыл тұқымды мал өсіргені үшін субсидия қарастырылған. Биылдыққа мысалыға 6 миллиардтай теңге ақша, осы мал шаруашылығын дамытуға байланысты бөлінген.

Қазір облыс бойынша төрт түлік малдың саны екі миллионнан асады. Оларға қажет жем-шөп қорын молайту және нарықтағы құнын тиімді бағада ұстау басты назарда.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев

Сондай-ақ...