Цифрландыру жемқорлықтың жолын кесе ме?

Биыл елде 1 500 жемқорлық қылмыс тіркелді.

Мыңнан аса азаматтың жымысқы әрекеті әшкереленді. Оның 158-і басшылық лауазымда отырған. Алайда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері «қылмысты ашудан гөрі, барлық тәуекелдердің көзін жою маңызды», - дейді. Ал бұл үшін цифрландыруды дендеп енгізу керек. Иә, осы ақпараттық жүйенің әлсіздігінен білім саласы да әбден былыққа батқан. Мәселен, қарапайым бухгалтерлер жылдар бойы мұғалімдердің жалақасын жымқырып келіпті. Күдіктілер есепті қолмен толтырып, істің ізін суытып отырған. Ең сорақысы, мұндай жағдай елдің барлық өңірінде тіркелді. Құзырлы орган «бұл олқылық толық жойылды» деп мәлімдеді. Бұған цифрландыру көмекке келген.

Саян Ахметжанов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі превенция қызметінің басшысы:
- Қолмен жазатын мәселе, ол информациялық жүйеге кірмейді. Сондықтан өздері еркін ақпаратты алып шығып, басқа жүйеге қосады да, содан кейін қылмыстық себептер болады. Оны жойылды деп айтуға болады. Қазір жоба ретінде сол жұмыс жобасы бар. Интеграциялық, цифрлық жүйені дамытсақ, адами қатынасатын тәуекелдер жойылады.

Бұл әдісті шетелдер де кәдесіне жаратуға ниетті. Себебі, жемқорлық жер жаһанды түгелдей әбігерге салып отыр. Параның кесірінен әлем экономикасы жыл сайын 2,6 трлн доллар шығынға ұшырайды. Бұл - Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегі. Шетелдік сарапшылар да адами факторды азайтып, есеп-қисапты компьютермен қадағалауды қос қолдап қолдайды.

Катаржина Вавьерниа, БҰҰ Қазақстандағы даму бағдарламасының тұрақты өкілі:
- 2.6 триллион доллар. Жыл сайын сыбайлас жемқорлық қылмыстарынан әлем елдері осынша қаржыдан айырылады. Менің ойымша, Қазақстан цифрлық технологияларды пайдалану арқылы жемқорлықпен күрестің көптеген инновациялық әдісін тапты. Салаларда адами фактор біршама азайды.