Урбанизация қарқыны әрі қарай өсе береді

Ия, ауылдағы жұрт қалаға көшкісі келеді.

Біреулер тәуір қызмет іздейді. Бірі баласын оқытсам дейді. Себеп көп әйтеуір.

Ел ішіндегі көші-қон динамикасы біршама өскен. Жыл сайын елді мекендердегі адам саны 50-80 мыңға дейін азаяды.

Көшіп жатқан ауыл-ел ғана емес. Қалалардан да біраз адам кеткен. Елдің барлық өңіріне тән үрдіс бұл. Астана, Алматы, Шымкент қалаларында ғана көрсеткіш оң. Демек, тұрғындар тек мегополистерге көшіп жатыр.

Ал бұл олардың тұрмысына қалай әсер етеді?

Қаладағы қалың қарашамен тілдесе қалсаң, «ауылға көшкім келеді, бейқам өмір кешкім келеді», - дейді. Бірақ, сайып келгенде шаһармен қоштасуға құлықсыз.

Қазір қаладағы халық саны 12 млннан асты. Ал ауылда 7,5 млн тұрғын бар. Қарағандының 81, Ұлытаудың 79, Ақтөбенің 74%-ы қалалық. Ал Алматы, Түркістан, Жамбыл облыстарында керісінше, ауылдықтар көп.

Урбанизация қарқыны әрі қарай да өсе береді. Мамандардың болжамы – осы. Еңбек ресурстарын дамыту орталығының пайымынша, 2030 жылы Астана халқы 2 млнға жуықтайды. Ал Алматы 2,5 млннан асса, Шымкент 1,5 млнға жетеді.

Ауыл халқы жоғары табыс, жайлы тұрмыс үшін көшетіні белгілі. Сарапшылар «бұл құбылыс қалыпты, қорқудың қажеті жоқ», - дейді. Адам көбейген сайын, тұтынатын тауар мен қызмет те артады. Осылайша, жұмыссыздық өзін-өзі табиғи жолмен жабады. Бұған дамыған елдердің тәжірибесі дәлел.

Қайырбек Аяшев, «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ Болжау және зерттеулер департаментінің басқарма басшысы:
- Халықтың саны көбейген сайын, жұмыс орны да ашылады. Негізі дамыған елдердің статистикасын қарасақ, ол жерде урбанизация деңгейі жоғары. Бұдан басқа ауыл шаруашылығында істейтін адамдардың саны өте төмен, 2-3 пайызды ғана құрайды. Соған қарағанда урбанизация құбылысы табиғи процесс деп айтуға да болады, бұдан қатты қорқудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Әрине, бірақ қаланың инфраструктурасы жөнді болжану керек.  

Бірақ демографтар бұл мәселеге алаңдаулы. Олардың сөзінше, ауылдан бойынан күш-қуаты кетпеген жастар жаппай көшіп жатыр. Түптің түбінде бұл демографияға кері әсер етуі мүмкін. Бір ғана дәйек - жыл сайын шамамен 50 мың жас ауылынан көшіп кетеді.

Сәуле Дюсупова, демограф:
- Қалаларда туу көрсеткіші төмен. Ал ауылдық аймақтарда туу көрсеткіші әрқашан жоғары. Бала туғанымен де ауылдан репродуктивті жастар қалаға көшіп кетуі. Ауылдың саны адамдардың саны азайып келе жатыр. Ал қалалық сандар ұлғайып келе жатыр.

Демография демекші, мамандардың мынадай болжамы бар. Туу көрсеткіші 2010-2015 жылдары күрт өсіп, әлі күнге дейін жоғары деңгей сақталып тұр. Сол сәбилер бүгінде өсіп жетілді, бір парасы мектепті аяқтады, әне-міне дегенше қолына диплом алады. Көп ұзамай олар еңбек нарығына кіреді. Сол кезде жұмыссыздық өспей ме деген қауіп бар.

Қайырбек Аяшев, «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ Болжау және зерттеулер департаментінің басқарма басшысы:
- Біздің еңбек нарығымызда келесі 5-10 жылда қысым күшеюі мүмкін. Қазақстан демографиясының сондай ерекшелігі бар. Жұмыспен қамту мәселесі, біздің Үкімет көп шаралар қабылдап жатыр. Бірақ бұл шаралар жеткіліксіз болуы мүмкін бірнеше жылдан кейін. Соның өзін біз алдын ала болжап отырғанымыз, соның алдын алуға көмектеседі деп ойлаймыз.

2050 жылға қарай елдегі қала халқының үлесі 70 пайызға жетуі мүмкін. Сол кезге дейін мектеп тапшылығы шешіле ме? Қалаға ағылған студенттер тағы жатақхана таппай, хостел аралап кетпеуіне кім кепіл? Жылу, жарық, су сынды инфрақұрылымдардың қауқары қандай? Бұл сұрақ уақыт еншісінде. Алайда уақыт деп отыра бермей, дайындықты да қолға алған жөн. Бұл біз емес, қоғамның талабы.

Авторлары: Бекзат Аманов, Жандос Битабаров, Самат Сүлейменов