Елімізде бірыңғай уақыт белдеуі енгізіледі

Наурыздың бірі күні елде сағат ауысады.

Яғни барлық өңірлер батыс уақытына өтіп, уақыт мерзімін 1 сағат артқа жылжытады.

Сөйтіп, Қазақстан бірыңғай 5-ші сағат белдеуіне түседі. Сауда және интеграция министрлігінің хабарлауынша қазір тиісті түзетулер жобасы дайындалып жатыр.

Осы жылдың ақпан айында қазақстандықтардың қолайлы уақыт белдеуіне көшуіне байланысты әртүрлі институттардың ғалымдарынан ведомствоаралық жұмыс тобы құрылған. Мамандардың айтуынша 6 шы уақыт белдеуі табиғи күн уақытына сәйкес келмейді, денсаулыққа кері әсерін береді. Енді сарапшылар ағзаның биологиялық тепе-теңдігін сақтау үшін бүкіл ел бойынша 5-ші уақыт белдеуіне көшуді ұсынып отыр.

Болат Нұрқожаев, қолданбалы хронобиология маманы:
- Адамдарға әсері күннің қақ ортасында тұруы, яғни кульминациясы біздің әлеуметтік сағатымызбен 12 сағатқа тең болса, онда біздің ішкі биологиялық ритмдерімізбен табиғаттың уақыты сәйкестікте болады. Және біздің организміміздегі биоритмдер әр клетка өзіндік «clock» сағаттық. Солар бір-бірімен сәйкестікте болады. Яғни бұдан ешқандайда десинхронизация болмайды.

Бүгінгі таңда батыс пен шығыс облыстары арасындағы 1 сағат уақыт айырмасы бірқатар қиыншылық тудырып отыр. Халық пойыз, ұшақ кестесінен шатысады. Басқа да себептері көп.

Ермек Тоқбергенов, ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы инфекциялық емес аурулардың алдын алу департаментінің директоры:
- Жұрттың көбі егер біз 1 сағат артқа жылжып 5-ші уақыт белдеуіне ауысатын болсақ, ол денсаулығымызға қауіпті деп ойлайды. Біз ол белдеуге ауысатын болсақ керісінше денсаулығымыз дұрысталады, ағзамыз реттеліп, тіпті біздің өміріміз жақсарады. Бұл эмоционалды өзгерістер уақытша ғана. Біз оған үйренуіміз керек.

Мамандардың айтуы бойынша, елорда уақыты денсаулыққа зиян. Өйткені оқушы мен жұмысқа тұратын адамның ұйқысы қанбайды. Ал ұйқы бұзылуының салдарынан көптеген ауру туындайтынын бүгінде дәрігерлер жиі айтады. Яғни бір ғана ұйқы бұзылысы адам ағзасының қалыпты жұмыс істеуіне кедергі келтіріп, денсаулыққа орасан зор зиян әкеледі деген сөз.

Авторы: Әлішер Әли