Жамбыл облысында магистральді газ құбыры қалпына келтірілді

Жамбыл облысында магистральді газ құбыры қайта қалпына келтірілді.

Кеше түнде желі бойында апат болып, мыңдаған үй жылусыз қалған еді. Қазір үйлерге жылу беріліп жатыр.

Түн ортасында жылусыз қалған 5 елді мекеннің бірі Гродеково ауылы. Магистральді газ құбырының үзілген жері осы маңда. Апатты алғаш байқағандардың бірі Алексей Килиевич. Ол қатты дүмпуден шошынып, сыртқа шыққан. Артынша көгілдір отынның келмей қалғанын айтады. 30 градус аязда үй бірден суытып кеткен. Жалма жан отын жиып ескі пешті жақтық дейді.

Алексей Килиевич, Гродеково ауылының тұрғыны:

- Сыртқа шыққанымда мүңкіген газ иісін бірден сездім. Бірер уақыттан соң ауыл шетінде тұратын туыстарым жылу жоқ, деп хабарласты. Ол кезде біздің көшеде толықтай өшіп қалған еді. Үйде отынмен жылитын ескі пеш бар болатын. Жан жақтың бәрі газ болғандықтан оны бірден жағуға жүрексіндім. Бірақ үй іші суып, бала шағам жаурай бастаған соң, тәуекел етіп ағаш жағып үйді жылыттым.

Апат салдарынан 1000-ға жуық тұрғын үй мен әлеуметтік 8 нысан жылусыз қалды. Жергілікті билік ең алдымен әлеуметтік ғимараттарды қосымша жылыту көзіне қосты. Газбен қамту мекемесі басшылығының мәліметінше, диаметрі 325 милиметр болатын газ желісі 1991 жылы жүргізілген, - дейді. Сол ескі құбырдың егістік алқабынан өтетін бөлігі бүлінген екен.

Бақтияр Көпбосынов, "Қазтрансгаз аймақ" басшысы: 

- Олар суармалы жер болғаннан кейін стойкалары осадка берген. Деформация болған. Мына қатты суықта сол кезде разрыв болды. Нәтижесінде 4 труба стыктан кетіп қалды. Қазіргі таңда бітті жұмыстар.

Апатқа байланысты арнайы штаб құрылды. Құбырдың 20 метрден асатын бүлінген бөлігін қалпына келтіру үшін 6 бригада жұмылдырылды. 

Дамир Тұңғатов, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

- Қалпына келтіру жөндеу жұмыстары толыққанды аяқталды. Газ құбырларында сынақтан өткізу пневмо сынақтан өткізу жұмыстары жүргізуде. Әрі қарай сәйкесінше қысымы 4 атмосфераға дейін газ берілетін болады. 

Таразда соңғы 3 күнде сынап бағанасы 30 градусқа дейін төмендеді. Салдарынан облыс орталығындағы жеке секторларға да көгілдір отын жеткізуде қиындықтар туындауда. Әкімдікке мыңнан аса өтініш келіп түскен. 44 газ қызметкері ақау шыққан жерлерді аралап, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә