Елдегі жеделсатылардың жағдайы алаңдатады

«Елдегі жеделсатылардың жай-күйі тексеріліп, оларды бақылауды мемлекет өз міндетіне алуы тиіс», - дейді Мәжіліс депутаттары.

Қазір елдегі лифтілердің көбі әбден тозған, қолданыс мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен. Жүргенінен тұрғаны көп лифтілердің тауқыметін тұрғындар тартады. Апатқа ұрындырған жағдайлар да аз емес.

Бұл оқиға Шымкенттегі тұрғын үйлердің бірінде болған. Адамдар мінген лифт өздігінен жоғары өрлеп, тоғызыншы қабаттан төменге құлдилайды. Әп-сәтте жертөлеге құлап, ішін шаң мен топырақ басып қалады. Апат кезінде ішінде 8 адам болған. 4-уі ауруханаға жеткізілген. Тұрғындар осымен үшінші рет ажал аузынан аман қалғандарын айтады.

Нышанбай Құлсейітов, Шымкент қаласының тұрғыны:

- Екіге кеп түстік. Лифт автоматты түрде тоғызыншы этажға көтерді. Сөйтті де тоғызыншы этаждан подвалға бірақ лақтырып жіберді. Резко подвалға түстік. 30жасар жігітпіз, басқа мүгедек, шал-кемпір, жасөзспірім бала болсын, олар тірі қалмайды. Біз қайта жігіттер болдық, бұзып шығып кеттік.

Кейінгі кезде елде лифтіде болған қайғылы оқиғалар көбейген. Мәселен, 2018 жылы Ақтөбеде 28 жастағы әйел жеделсатыға қысылып мерт болады. Сол жылдың мамыр айында Атырауда екі жігіт лифті шахтасына құлап, біреуі көз жұмды. 2019 жылы Алматыда егде жастағы адам көбқатты тұрғын үйдің шахтасына құлап, қаза тапты. 2021 жылы «Шымкентлифтмонтаж»  компаниясының жұмысшысы 11 қабаттан шахтаға құлап, мерт болды. Мамандар Қазақстандағы әрбір бесінші лифт жөндеу мен ауыстыруды қажет етеді дейді. Техникалық қызмет көрсететін компаниялардың өзін де тексерудеден өткізу керек.

Ержан Игибаев, Қазақстан лифтшілері ұлттық қауымдастығының президенті:

- Әкімдіктер бұл жұмысты атқара алмай жатыр. Өйткені, өңірлерде білікті кадрлар жоқ. Бұл басты проблема. Тағы бір мәселе – нарықта аттестациялаудан өтпеген, бұл салада тәжірибесі жоқ, қажетті нормативтерді елеп-ескермейтін компаниялар пайда болды. Олар тендерді ұтып алып, ешқандай техникалық базасы болмастан лифттерді орнатып жүр.

Қазақстанда лифт орнату және пайдалану қызметін көрсету үшін лицензия беру тәртібі 2012 жылы жойылған. Ал 2020 жылдан бастап лифт шаруашылығын басқару мен бақылау құзыреті Өнеркәсіптік қауіпсіздік Комитетінен жергілікті басқару органдарына берілді. Жергілікті әкімдіктер бұл міндетті пәтер иелері кооперативіне жүктеген.

Ирина Смирнова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Егер лифтілерді бақылауға алмасақ, мүндай апаттарға жиі куә боламыз. Сондықтан, лифттерді сертификаттаудан өткізіп, оған қызмет көрсететін компанияларға аккредиттация жасау керек. Сондай-ақ, бұл кешенді жұмыспен кім айналысуы керек деген сұрақ туындайды. Менің ойымша бұл жұмысқа өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жауапты болуы тиіс.

Қазақстанда лифтілер қараусыз қалып отыр. Ал оған қызмет көрсететін компаниялардың көбінде арнайы лицензия жоқ. Депутаттар жеделсатылардың жағдайынан хабардармыз дейді.  

Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Біз бұл мәселені бірнеше рет көтердік. Төтенше жағдайлар министрлігі ғимараттар мен нысандардардағы қауіпсіздікті тексеруде төтенше жағдайлар қызметінің құзыретін қалпына келтіру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты. Сол сияқты лифтілердегі қауіпсіздікті де қадағалау қолға алынады.

Лифт – техникалық тұрғыдан аса қауіпті нысан. Қадағалаушы органдар болмаса, апатқа ұрындырар жағдайлар көбейеді. Қазақстандағы лифтілердің басым көбі ескіргенін ескерсек, бұл мәселенің елеусіз қалмағаны жөн.