«Воришки» фильмі экранға шықты

Tiger Films продюсерлік компаниясы жаңа жыл қарсаңында көрермендерге тағы бір жаңа туындыны тарту етті.

«Воришки» драмасы үмітті үзбеуге, сенімді жоғалтпауға үндейді.

Көз ашқаннан жетімдер үйінде өскен Сана мен Әмір ұрлық жасауды бала кезден әдетке айналдырады. «Суық қолдары» реті келген сәтті құр жіберген емес. Ілінгенін оп-оңай алып жүре береді. Кезекті жорықтарында олар байдың үйін тонауға бет алады. Алайда, бұл қадам ажал аузына апарарын аңдамады.

Алёна Алмаз, фильмнің режиссёрі:

- Фильм арқылы адамдарға әр әрекеттің салдары болатынын, ол үшін жауап беретін сәт туатынын айтқым келді. Фильмді он бес күн түсірдік. Аз уақыт болғанымен, бас көтермей жұмыс істедік.

Режиссер, әрі сценарий авторы Алена Алмаз фильмге лайықты актерларды ұзақ таңдапты.

«Себебі, ойымдағы образды дәл табуым керек болды», - дейді ол. Басты рольдің бірі - Әмірді ойнаған Ербол Семқұловпен кездескенде іздегені алдынан шыққанын түсінеді. Ерболдың мінезі, сырт келбетіне қарай, Сананың роліне актриса Әйгерім Жүнісованы таңдайды.

Ербол Семқұлов, актёр:

- Әр істің өзінің көтеретін салмағы бар, ісі бар, сондықтан, бұл кинода махаббат бар. Әмір деген менің персонажым сол махабаттың арқасында өзі-өзін сындырмай арықарай өмір сүріп кетеді.

Әйгерім Жүнісова, актриса:

- Осы фильм мен үшін негізі ерекше болып көрінеді. Өйткені біздің геройлардың образы, біздің режиссер негізі басқа көзқараспен түсіргені көрінеді.

Фильмде Дулыға Ақмолда, Рүстем Жаныаманов сияқты танымал актерлар да ойнайды.

Жаман әдеттен арылып, жақсы өмірге ұмтылуға үндейтін жаңа картинаны Алматыдағы барлық кинотаетрлардан тамашалауға болады.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Әбен Нарымбаев