Ақтөбеліктерге 624 әлеуметтік баспана беріледі

Жыл соңына дейін 624 ақтөбелік әлеуметтік баспанаға ие болады.

Осы мақсатта қалалық әкімдік коммерциялық мақсатта салынған үйлерден де пәтер сатып алуды көздейді. Ал келер жылы тағы көпқабатты 22 үй қолданысқа беріледі. 

Эльмира Ниязованың үй кезегінде тұрғанына 15 жыл боп қалды. Жетім өскен ол осы уақытқа дейін жұбайымен бірге пәтер жалдап жүрді. Оның өзінде 4 балалы отбасыға бағасы келісті, жатын орны жайлы үй табыла бермейді. Сол себепті айлығы шайлығынан аспайтын жанұя әлеуметтік баспанадан үмітті.

Эльмира Ниязова, қала тұрғыны:

- Күзде, қыркүйекте мен барғанымда 23 деп айтты маған. Сонда қатты қуанып кеттім. Содан барып сұрадым: «Үйім 23-ші болып тұр. Қашан беріледі?», - деп. Бұйырса, биыл жылдың аяғында беріп қалуы мүмкін, - деді.

Жаңа жыл қарсаңында 624 отбасы қоныс тойын тойлауы тиіс. Былтыр әлеуметтік тізімде тұрғандарға 54 пәтер үлестірілген. Бұл жолы 110 үй жетімдерге, 60-ы көпбалалы отбасыларға, қалған мүгедектер мен соғыс ардагеріне теңестірілгендерге беріледі.

Жандос Әлімов, қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы:

- Бұл үйлерді мемлекет осы күнге дейін салып келді, салып, азаматтарға беріп келеді. Оған қоса сатып алу механизмі енгізіліп жатыр қазір. Биыл осы желтоқсан айында 200 бірлік пәтер сатып алынды. Себебі құрылыстың күту уақыты барлық азаматтарға қолайсыз. Сондықтан қазіргі таңда сатып алу механизмі көп қолданылып жатыр.

Жалпы биыл Ақтөбе шаһарында бюджет есебінен көпқабатты 5 үй салынды. Жыл соңына дейін тағы 4-і тапсырылады. Оның өзі тұрмысы төмен отбасыларға жетпейді. Себебі облыс бойынша пәтер кезегінде 27 621 адам тұр. 

Аслан Жарасбаев, құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының м. а.:

- Қазіргі таңда бюджеттік қаражат есебінен аудан орталықтарында да тұрғын үйлер тұрғызылып жатыр. Қарғалы ауданында, Темір ауданында, Қобда аудандарында тұрғын үйлер халық игілігіне берілді.

Аймақта әлеуметтік баспанамен қатар коммерциялық үй құрылысының қарқыны жоғары. Жақын арада 470 мың шаршы метр баспана тапсырылады. Қалалық әкімдік келер жылы республикалық бюджеттен қаржы сұрап, 600 пәтер сатып алуды көздейді. 

Авторы: Мансұр Есқожин.