Алматы облысында қар көшкіні қаупі жоғары

Алматы облысында қар көшкінінің жүру қаупі бар.

Облыстық төтенше жағдай департаменті мұндай қатер желтоқсанның 21-іне дейін сақталады деп отыр. Сондықтан құтқарушылар тұрғындар мен туристерді мейлінше сақ болып, тауға шықпауға кеңес береді. Жалпы таулы өңірде 55 қауіпті учаске бар. Олар Іле Алатауы маңындағы Еңбекшіқазақ, Талғар және Қарасай аудандарында орналасқан. Төтенше жағдайлар қызметі ескерткендей, күн жылып, қалың қар жауған кезде көшкін жүру қаупі ұлғая түседі.

Самат Дәуленқанов, Алматы қаласы "Қазселденқорғау" ММ филиалының басшысы:

- Екі блокпост қойылды. Үлкен Алматы және Кіші Алматы шатқалында. Медеу плотинасынан жоғары жақта бізде ең қар көшкіні қаупі бар аймақ. Сол жерде полиция департаменті және біздің қызметкерлер блокпостта тұр. Алматы қаласы бойынша бізде паспортталған барлығы 164 қар көшкіні қаупі бар аймақ бар. Сол учаскілердің бәріне біз зерттеу жұмыстарын жүргізіп, қардың қалыңдығын тексеру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.