Қазақстандық цифрландыру шетелдіктерді қызықтырды

Қазақстандық цифрлық жобалар өз ішіміз ғана емес, шетелдіктерді де қызықтыра бастады.

Сырттағы ел біздегі озық үлгілерге көз салып, ақы төлейміз деп отыр.

Биыл отандық айти өнімдерінің экспорты рекордтық деңгейге - 500 миллион долларға жеткен. Қазақстанның цифрландырудағы жетістіктері бұл ғана емес.

Қазақстан онлайн қызмет көрсету бойынша әлемде 8-орында тұр. Цифрлық сервистер отандастарымыз арасында үлкен сұранысқа ие. Биыл елдегі автокөліктердің 55 пайызы, жылжымайтын мүліктің 49 пайызы онлайн түрде сатылған. Ипотеканың 67 пайызы сандық форматта ресімделді. Цифрландырудың пайдасы - жемқорлық пен бюрократия жойылады. Есік қағып, кабинет аралаудан құтылдық. Биылдың өзінде мемлекеттік органдар талап ететін құжат саны 119 дан 21-ге дейін азайды. 

Бағдат Мусин, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:

- Цон-ға келдік, бірақ талон алу үшін кезекте тұру керекпіз. Сол кезекте тұрмай мобильді цон арқылы электронды түрде талон алып, кезек келген кезде таблоға шығады. 34 анықтаманы алып тастап, 50 млн рет талап етілетін құжатты алып тастадық.  

Цифрландыру үдерісі мұнымен тоқтап қалмайды. Астана мен Алматыда барлық коммуналдық қызметтерді біріктірген Iqala интеллектуалды жүйесі іске қосылды. Мәселен, бұған дейін коммуналдық шарт жасасуға 30 күн қажет болса, енді 5 минут жетеді. Пилоттық жоба өңірлерде де жүзеге асады. Тағы бір мысал қазақстандықтардың еңбек кітапшалары электронды жүйеге көшіріледі. Денсаулық сақтау саласы да цифрландырудың игілігін көреді.  

Бағдат Мусин, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:

- Біз «Е-денсаулық» деген сервисті дамытып жатырмыз. Е-денсаулық дегеніміз ол әрбір адамның анализдері, диагноздары, клиникалық ақпараты, барлық сол ақпаратты бір жерге жинақтаймыз. Тағы бір жаңа идея ол – Егов Бизнес. Яғни кез келген бизнесмен өзінің егов қосымшасында барлық бизнеске арналған ақпаратты, өмірлік жағдайларға сай қызмттерді бір жерден ала алайтындай қылып жасап жатырмыз. 

Қазір әлемді алаңдатып отырғаны кибер шабуыл мен алаяқтардың әрекеті. Бұл үшін ақпараттық қауіпсіздік туралы Заң қабылданды. Яғни қазақстандықтардың жеке деректері қатаң қорғалатын болады.