Ұлттық банк жаңа банкноттардың дизайнын көрсетті

Осы жылдың аяғында 5 мың, ал келер жылы 10 және 20 мың теңкелік купюралар қолданысқа енеді.

Жаңа банкноттар төл теңгеміздің 30 жылдығына орай өткен көрмеде таныстырылды.

«Қазақстанды монеталар арқылы таны». Ұлттық банк ұйымдастырған көрмеде алтын, күмістен және түрлі металдардан жасалған 500-ден астам монета қойылды. Дизайны ерекше, көлемі мен пішіні бөлек бағалы экспонаттарды отандық монета сарайы шығарған. Көрменің қақ ортасына сирек кездесетін, салмағы 2 кг ірі монеталар қойылған. Бірақ бәрінің назары жаңа банкноттарда.

Асан Ахметжан, Қазақстан Ұлттық банкінің баспасөз хатшысы:

- Жаңа серия «Сақ стилі» деп аталады. Сақ стиліндегі Қазақстан аумағында табылған жәдіргерлердің, олардың қазақ тарихындағы, ұрпақтар сабақтастығы ретінде көрсетілген бейне. Осыған арналған дизайн. Бұл – жаңа дизайн. 2025 жылға дейін енгізілетін болады. Ең алғашқы 5 мың теңгелік купюра осы жылдың аяғына дейін енгізіледі.

Сондай-ақ көпшілік назарына KOKBÓRI инвестициялық монеталары ұсынылды. Жоғары сапалы алтын мен күмістен жасалған монеталарда түркі мифологиясында көшпенділердің тотемі саналатын қасқыр бейнеленген.

Алмат Басенов, Қазақстан Ұлттық банкінің бас дизайнері:

- Ұлттық нақыштағы элементтері бар монеталар инвестициялық құрал ғана емес, коллекционерлердің де көзайымына айналады деп ойлаймыз. KOKBÓRI монеталарының құны Лондон биржасындағы алтын бағасына тәуелді. Ұлттық банкке кейін кері тапсыратын болсаңыз, онда да алтынға байланысты бағаланатын болады. Алдағы уақытта көшпенділер тотемі бейнеленген инвестициялық монеталар сериясын шығару жоспарда бар. 

Көрмені келесі жылы Қазақстанның басқа да қалаларында өткізу жоспарланған.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Артур Горшняков