Қазақстанда дайын ас пен азық-түлікті жеткізу қызметі дамып келеді

Піскен ас, аузыма келіп түскен ас.

Қазақстандықтардың көбі дайын асқа 3 мыңнан 6 мың теңгеге дейін ақша жұмсайды екен. Зерттеу жүргізген мамандар мұндай тапсырыс берушілердің үлесі 66% екенін айтады.

Жалпы осы дайын асқа тапсырыс қай күндері көптеп түседі?

Қазақстанда дайын ас пен азық-түлікті жеткізу қызметі қарқынды дамып келеді. Алдағы 5 жылда дайын тамақтың онлайн саудасы 104 млн АҚШ долларынан асады деген болжам бар. Елдегі электронды коммерция нарығын алғаш зерттеген Data Insight платформасы жуырда есеп-баяндамасын жариялады.

Қазақстандықтардың ас-суын түрлі мейрамхана, дәмхана, фаст-фуд желісі арқылы алдырғанды әдетке айналдырғалы қашан. Осы ретте дайын тамаққа тапсырыс берудің талдауына үңілсек, ең көп тапсырыс демалыс күндері түсетінін байқаймыз. Тұрғындардың демалыс күндері курьер арқылы тағам алдырудың жиілігі 50% құрайды. Мереке күндері 42%, ал жұмыс күндері 32% шамасында.   

Неге олай? Оны Data Insight келтірген мына кестеге қарап түсінуге болады. Демалыс күндері қазақстандықтар көбіне әрі дайын, әрі дәмді аспен өз-өзін еркелеткісі келеді екен. Тамақ пісіруге уақыты мен күшін жұмсағысы келмейтіндер де көп, 50%-ке жуықтайды. Қонақ күткенде де тездетіп дәмді тағамды дастарқанға қойып жіберу үшін онлайн тапсырыс ыңғайлы. Сыртқа шықпай-ақ, дәмді ас алдырудың амалын тапқандар 22% құрайды. Сонымен қатар демалыс күндері асықпай таңсық дәмге онлайн тапсырыс беру айтарлықтай жеңілдеген.

Сонымен қатар онлайн сауданы жөн көретіндердің 48%-і азық-түлігін интернет желісі арқылы алдырады. Жеткізу қызметінің артықшылығы сол, тұрғындар керек азығын дүкен араламай-ақ, үйдің есігіне дейін алдыра алады. Go Mobile зерттеушілері 2023 жылы мұндай саудадан түскен пайда  2,4% құрайтынын айтады.

Көбіне қазақстандықтар бір рет ас әзірлегенге, не бір апталық қорын толтыру үшін азығын үйге алдырады. 21%-і бір күндік тамағына шақтап алса, 18%-і бірнеше күнге, 14%-і бірнеше аптаға қамдайды екен.

Пандемия кезінен бастап қазақстандықтар азықты үйге алдырудың қаншалықты ыңғайлы екенін түсінсе керек, интернеттегі сауда айналымы жыл санап қарқын алып келеді. Мысалы, 3 жыл бұрын 241 мың АҚШ доллары шамасында болса, биыл бұл көрсеткіш 652 мыңнан асқан. Яғни, үш жылда үш есеге артты. 2027 жылы азық-түліктің онлайн сауда айналымы 1,5 млрд долларға жетеді деген болжам бар. Интернет-маркетинг сарапшылары қазақстандық логистикаға инвестиция құюдың тамаша мүмкіндігі туғанын айтады.

Федор Вирин, интернет маркетинг сарапшысы:

- Қазақстандағы логистиканың үлесіне әр онлайн тапсырыстың 15-20% тиеді. Тапсырыс берілетін нүктеден қабылдаушының есігіне дейін жеткізуді есепке алсақ, бұл айтарлықтай көп. Десе де жеткізілетін тауардың дені азық-түлік (соның ішінде дайын тағам) екенін ескерсек, логистиканың үлесі бұдан да жоғары болуы мүмкін. Демек бүгінде Қазақстандағы онлайн сауда логистикасына инвестиция құюға тамаша мүмкіндік туып тұр.

Дайын тамақ пен азыққа онлайн тапсырыс беретіндердің саны жыл сайын 200 мыңға артып отырады. Data Insight сарапшылары осындай дерек келтіреді. Демек Қазақстандағы логистиканы одан әрі жетілдіруге негіз бар. Бұл – анық!