Алматы облысында балықты заңсыз аулау тыйылмай тұр

Жыл басынан бері 32 қылмыстық іс қозғалған, деп хабарлайды 24KZ.

Алайда браконьерлердің тоқтайтын түрі жоқ. Балық шаруашылығы инспекциясы Қапшағай су қоймасын жиі тексереді. Бұл жолғы рейдке біздің тілшілер де қатысқан еді.

Алмас Садуақас, тілші:

- Ауа райының қолайсыздығына қарамастан инспекторлар әрбір шығанақ пен жартас жағалауын мұқият тексереді.

Рейдке шыққанда күн райы жылы болғанымен, жел қатты. Инспекторлар мұз қатқанша моторлы қайықпен жүреді. Су көлігі сағатына 60 шақырым жылдамдықпен жүзеді. Бір сағат шамасында алыстан қайық көзге шалынды. Бұл мезгілде балық аулауға рұқсат жоқ. Инспекторлар қашуға әрекеттенген балықшының ізіне түсті. Көп ұзамай ұсталды.

Жамбыл Амангелдиев, Қапшағай балық инспекциясы бөлімінің бас маманы:

- 500-ге жуық рейдттік іс-шара жүргізілді. Тоқпен ұсталынды және де тыйым салынған ау құралдарымен. Ұсталынып жатыр.

Облыстың 33 жастағы тұрғыны өз кінәсін мойындады. Ол рұқсат етілмеген аумен 10 келіге жуық балық ұстап үлгеріпті. Оған әкімшілік хаттама толтырылып, қайығы тәркіленді. Барконьерлермен күресте материалды-техникалық базаның мықты болғаны дұрыс. «Балқаш-Алакөл» бассейіндік инспекциясы 18 қызметтік көлікпен, суда жүзетін және қарда жүретін 10 шақты техникамен қамтамасыз етілген.

Ринат Құмашев, Балқаш-Алакөл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары:

- Осы техниканың арқасында қазір браконьерлік жұмыстар күйшейіп жатыр. Атап айтсақ, ағымдағы жылы мыңнан астам рейд жүріп, барысында 370 заңбұзушылық анықталды. Аталған заңбұзушылықтар бойынша 338 адам әкімшілік жазаға тартылды.

Жыл басынан бері балық аулау ережесін бұзғандарға 11 млн теңге көлемінде айыппұл салынып, мемлекет пайдасына 8 тонна балық тәркіленді.

Авторлары: Алмас Садуақас, Аят Дүйсембаев.