Жетісу облысында «Көшбасшы – 2023» жастар сыйлығы тапсырылды

Бұл жолғы байқау 10 аталым бойынша өтті.

Шараның мақсаты – өз саласында белсенді еңбек етіп, өзгелерге үлгі боларлықтай толағай жетістіктерге қол жеткізген облыс жастарын ынталандыру.

«Көшбасшы» сыйлығы - Жетісу облысының жастарына арналған ең ірі жобалардың бірі. Жыл сайын ұйымдастырылып тұратын дәстүрлі байқауға биыл 114 үміткер қатысты.

Бейбіт Исабаев, Жетісу облысының әкімі:
- Өңірімізде 14 пен 35 жас аралығына дейінгі 188 мыңға жуық жас бар екен. Солардың қатарынан өздеріңіз ойлаңыздар, 200 мыңға жуық жас азаматтардың ішінен 10 номинация бойынша әртүрлі салада абыройлы еңбек етіп жүрген жастар үздік атанып отыр.

«Жетісу» телеарнасының шығарушы-редакторы Аяулым Сансызбаева «Үздік жас журналист» номинациясы бойынша жеңімпазы атанды. Ал «Үздік отбасы» аталымының жүлдесі Көксу ауданында тұратын Сырымовтар әулетіне берілді. Жас дәрігерлер отбасында 5 бүлдіршін өсіп келеді.

Айдана Сырымова, байқау жеңімпазы:
- Өте қуаныштымыз әрине. Осындай іс-шара ұйымдастырып жатқандарыңызға рақмет! Көптен көп жас мамандарға, осы көшбасшыларға алға ұмтылуға серпіліс беретін өте жақсы жоба деп ойлаймын.

Аяулым Сансызбаева, байқау жеңімпазы:
- Көшбасшы алу таңдаулы таланттарға табысталатын жүлде. Оның орны ерек жастар үшін. Себебі бұл байқаудың берері көп. Көп жасты жігерлендіреді, қанаттандырады. Осымен тоқтап қалмай, ары қарай шыңдала бермекпін.

«Осымен болдым, толдым» деп тоқтап қалмай, үздіксіз ізденіп, шыңдалған адамның өмірдің биік шыңдарынан көрінетінін жастар жақсы түсінеді. Көшбасшы атанған азаматтарға Жетісу облысы әкімінің дипломы мен мүсінше және ақшалай сыйлық табыс етілді.

Авторалары: Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов