Өнеркәсіп саласындағы серпіліс

Қазақстандық тауардың экспорт көлемі артты.

Инвесторлардың елге  қызығушылығы  өткен жылдарға қарағанда биыл жоғары. Әдеттегідей қазақтың мұнай-газына емес, өңдеу өнеркәсібіне қаражат құюға ниеттілер көп.

Биыл өңдеу өнеркәсібі бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткішке жетті. Өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің экспорты 26 млрд доллардан асқан. Бір жылда жалпы құны 488 млрд теңге болатын 126 жаңа жоба іске қосылды. Нәтижесінде 9 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылды. Салаға жауапты министрлік бүгін осылай деп сүйіншілетті.

Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:
- Биыл мемлекет өнеркәсіп саласын қолдау мен дамытуға бағытталған бірқатар маңызды шараларды қабылдады. 2023-2029 жылдарға арналған өңдеу өнеркәсібін дамыту тұжырымдамасы бекітілді. Онда мемлекеттік ынталандыру, қаржы беру механизмдері көрсетілген. Жалпы қаржылай қолдау 620 млрд теңгеден асады. Ал шикізатпен қамту ісінде үшжақты 25 келісімге қол қойылды. Тағы ұзақмерзімді 35 келісімшарт жасалды.

Сарапшылардың сөзінше, саланың инвестициялық тартымдылығы артып келеді. Бұрын Қазақстан қалталы азаматтар үшін мұнай және газ қорымен қызық болса, қазір бұл секторға құйылатын қаржы көлемі 43 пайызға азайған. Ал өңдеу өнеркәсібіне тартылған инвестиция керісінше, 20 пайыздық өсім көрсеткен.

Тұрар Жолмағамбетов, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі комитет төрағасының орынбасары:
- Өткен жылмен салыстырғанда биыл іскерлік белсенділік айтарлықтан өскенін байқауға болады. Салаға Батыс Еуропа елдерінен бастап, Қытай, Оңтүстік Корея, тіпті Орталық Азия мемлекеттерінің де бизнесмендері инвестиция құйып жатыр. Барлығы Қазақстанда кәсібін дамытқысы келеді. Алдағы 3-5 жылда нақты жемісін көретін боламыз.

Шетелдік бизнесмендердің Қазақстанға көз тігуі бекер емес. Өйткені, жағдай жасалған. Мысалы, келер жылдан бастап өңдеу секторына қаржы құятын инвесторлар 3 жылға салықтан босатылады. Бұл Президент тапсырмасы. Өйткені қазір қалталы азаматтар үшін әлемде бәсекелестік жоғары. Сондықтан Қазақстанның да өз ұпайы түгел болуы тиіс.

Мәселен, жақында Қостанайда Kia автокөліктерін шығаратын толық циклді зауыттың құрылысы басталды. Демек, елге әлемдік және аймақтық өнеркәсіп алпауыттары келіп жатыр деген сөз. Бұл өндіріс ошағы жылына 70 мың көлік шығарады деп жоспарланған. Мұнда 1,5 мың жұмыс орны да құрылады.

Евгений Больгерт, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Біз үшін қазір өзіміздің машина жасау өндірісімізді дамыту аса маңызды болып отыр. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы да бір емес, бірнеше рет айтқан болатын. Қазір елде мұнай-химия, мұнай өңдеу, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу сынды міндеттер тұр. Яғни экспортта бағытталған дайын тауар шығаруымыз керек. Демек, біздің өнеркәсібіміз тұрақты түрде дамуы қажет.

Өнеркәсіп саласындағы биылғы жылдың басты жаңалығы – Qarmet комбинатының Қазақстандық меншікке қайтарылуы. 30 жылға дейін иелік еткен шетелдік инвестормен ақыры қош айтыстық. Лакшми Миттал елімізде жұмыс істеген ең нашар инвестор деп танылды. АрселорМиттал коорпарациясы  әуелде 3,5 млрд доллар сұраған. Бірақ, қазақстандық тарап компанияны 286 млн-ға дейін түсіріп, меншік иесін ауыстырды.

Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:
- Екі активтің, яғни «АрселорМиттал Теміртау» және Ақтау құбыр зауытының» құны 286 млн долларды құрады. Кезінде  «АрселорМиттал»-дың өзі осы екі автивті бұл бағада сатып алған. Аталған келісімшарттарды іске асыру үшін республикалық бюджеттен қаржы жұмсалған жоқ. Жаңа инвестор - «АрселорМиттал» -дың барлық қысқа мерзімді және ұзақмерзімді міндеттемелерін орындайды. Яғни жаңа инвестор жеткізушілер мен қызметкерлер алдындағы барлық міндеттемелерді сақтайды.

Шағын және орта бизнестің де екінші тынысы ашылды. Елімізге бұрын соңды тек шетелден келетін тауарлар енді өзімізде шығарылмақ. Қарағанды облысы Саран қаласының индустриялық аймағында отандық тұрмыстық техника өндірісі ашылды. Су жылытқыштар, шаңсорғыштар, тіпті теледидарды да өзіміз жасамақпыз. Әрине, мұның бәрі құптарлық іс. Дегенмен салада проблема жоқ емес, бар. Ең өзектісі – ол кадр тапшылығы. Оған басты себеп – жалақының мардымсыздығы. Дегенмен, елде 15 ірі өнеркәсіптік жобаны жүзеге асыру ісі жалғасып жатыр. Олардың жалпы құны 7 трлн теңгеге жетеді. Барлық жоба сәтті түрде іске қосылса, жұмысшылардың да еңбек ақысы артады деген сенім бар.

Авторлары: Риат Шони, Мейрам Жүнісов