Жаңа кен орны пайдалануға берілді

Батыс Қазақстан облысында жаңа кен орны өнеркәсіптік пайдалануға берілді.

Бәйтерек ауданында орналасқан Рожков кенішінен енді жылына 1 миллиард текше метрдей газ, 500 мың тонна конденсат өндіріліп, өзімізде өңделмек. Кеніштің ашылу салтанатына бейнебайланыс режимінде ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен шетелдік инвесторлар қатысты.

Рожков кен орны ең алғаш 2008 жылы анықталды. Күні бүгін мұнда нақты алынатын 27 млрд текше метр шикі газ, 12,5 миллион тонна конденсат барланған. Кенішті игеруші «Орал Ойл энд Газ» компаниясы 500 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйған. Серіктестіктің 50%-не «ҚазМұнайГаз» иелік етсе, жартысы венгрлік «MOL group» пен қытайлық «Sinopec» компанияларының меншігінде. Бірінші кезеңде 9 ұңғыма қосылмақ.

Данияр Оразбаев «Орал Ойл энд Газ» компаниясының бас директоры:
- Жалпы 2027 жылдан бастап  2040 жылға дейін тағы 15 ұңғыманы іске қосу жоспарымызда бар. Экология тұрғысынан компаниямыз HIPS деген технологияны қолданып жатырмыз қауіпсіздік жағынан.

Серікқали Брекешов, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
- Бүкіл мына газдың көлемі осы зауытта өндіріліп, сосын ішкі нарыққа барады. Сұйытылған мұнай газы шамамен 7-8 мың тонна өндірілетін болады. Мысалы БҚО қазіргі тұтыну көлемі шамамен 4 жарым мың тонна. Серіктестік басшыларының мәлімдеуінше 2040 жылға дейін кен орнынан Ұлттық қорға 501 миллиард теңге, республикалық және облыстық бюджетке 110 млрд теңге түспек. Салтанатты шарада сөз алғандар бұл жобаның ел экономикасына елеулі үлес қосарын атап өтті.

Мағзұм Мырзағалиев, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:
- Әрине бұл жобаның әлеуметтік те, экономикалық та маңыздылығы өте зор. Былтыр президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай-газ саласын жандандыру бойынша бірнеше тапсырма берген. Сол тапсырмалар аясында биыл 3 газ кен орны іске қосылды. Енді міне Рожков кен орнын іске қосып жатырмыз. Біз әрине осы жобалармен тоқтамаймыз.

Кен орнында жылына шамамен 1 млрд текше метр газ, 500 мың тоннадан астам конденсат өндіруге мүмкіндік бар.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Е. Меңдіғалиев, Э. Аюпов