Алматыда жатақхана университетке қайтарылды

Алматыдағы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті осыған дейін жеке кәсіпкерге қызмет етіп келген жатақхананы өз иелігіне қайтарды.

Бұған дейін ол жерде мейрамхана мен кеңселер болған. Енді 300 орындық жатақхана студенттердің игілігіне жарайды. Университет бюджетінен 160 млн теңге бөлініп күрделі жөндеу жасалды. Студент пен магистрлердің жайлы өмір сүруі үшін қажетті тұрмыстық техникамен жабдықталған. Айта кетейік, білім ордасы жазда тағы бір нысанды тұрғын үй қорына қайтарып, 280 білімгер баспаналы болды. Осылайша Алматы қаласында өз студенттерін жатын орынымен толық қамтамасыз еткен жалғыз университет атанды. Енді инвестиция көлемі 2,3 млрд теңгеден асатын тағы бір жатақхана жобасы қолға алынды.

Ақылбек Күрішбаев, ҚАЗҰАЗУ университетінің басқарма төрағасы, ректоры:
- Биылдан бастап біз тағы да жаңа жатақхананың құрылысына кірістік. Ол 9 қабатты үлкен ғимарат болады. Онда 500-дей студент тұратын болады, жас ғалымдар тұратын болады. Қазір біздің серіктесіміз инвестор, жұмысына кірісіп, құрылысты бастап жатыр. Бұйыртса 12 айдың ішінде жаңа жатақханамыз дайын болады деп ойлаймыз.