Ақтау әскери гарнизоны заманауи жаттығу жабдықтарымен толықты

Ақтау әскери гарнизоны заманауи симуляторлық жаттығу макеттерімен толықты.

Енді теңіз жаяу әскерлері жүріп тұрудан өзге атыс-шабыс оқуларын осы ақылды машиналарда жүргізе алады. Олар танкке қарсы зымыран кешені, пулемет, гранаталар мен Калашников автоматтарының шынайы үлгісін айнытпай салады. Осының нәтижесінде жас сарбаздар шығыны аз, есесіне пайдасы мол әскери оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізеді.

Теңіз жаяу әскерінің оқыту орталығында отырып енді әскери көліктің дыбысын естіп, құрылымымен танысуға болады. Мысалы, мына құрылғы Т-72 танкісінің айнытпас үлгісі. 40 тонналық әскери көлікті жүргізіп үйрену үшін бұрын шынайы танк және кемі 15-ке жуық маман қажет болатын. Енді уақыт үнемделіп, жанармай мен оқтардың шығыны болмайды.

Нұржігіт Елдесбаев, теңіз бригадасының нұсқаушысы:

- Біз қазіргі уақытта механик жүргізушілерді дайындап жатырмыз. Механик жүргізушілер жеке дайындап, жеке сабақтар өтіп, нағыз танкіші болу үшін 2 ай уақыт керек. Бірінші 2 апта теориялық дайындық өтеді. Одан кейін осы тренажерға келіп, мерзімді қызметшілер күніне 4-5 мәрте жүргізіп дайындаймыз.

Артиллериялық және танк симуляторлары, электронды автоматтар мен «ақылды» нысананың шынайы үлгіден айырмашылығы жоқ. Олар әскерилердің біліктілігін арттырып, шынайы ұрыс алаңында дұрыс шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Макетте тіпті ауа-райы мен ұрыс даласының алаңын да таңдап қоюға болады.

Мысалы, мұнда қала ішіндегі қақтығыс бейнеленген. Компьютерлік ойын сияқты көрінгенімен оның сарбаздарға үйретері көп. 

Әділет Серікбаев, теңіз бригадасының взвод сержанты:

- Осы бөлмеде атыс қаруынан ату оқу-жаттығу тренажеры орналасқан. Мұнда 120-дан астам оқу-жаттығулар бар. Орнында, жүріс кезіндегі қауіп бойынша мамандарды дайындаймыз. 

Мұнда бір айда 1200 сарбаз дайындалады. Ол үшін 80 оқу тобы мен 150 нұсқаушы жасақталған. Ал келер жылы тағы 3 жаңа симуляторлық кешен алынады деген жоспар бар.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Тамара Степанова, Саламат Бекбаев