Елімізде талапқа сай сауда алаңдары жетіспейді

Елде сауда алаңдары аз.

Болғанның өзінде талапқа сай келмейді. Жаңартылған базарлардың үлесі 31%. Ал Ресейде бұл көрсеткіш 70%-дан асса, дамыған елдерде 90%-ға жетеді. Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев 2027 жылға қарай сауда алаңдарының 56%-ын заманға сай ету қажет, деді. Базарлардың көбі қала құрылысы, өрт және санитарлық стандарттарға сай келмейді. Министр елдегі 460 әмбебап базардың 121-і заман талабына сай жаңартылғанын жеткізді.

Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі:

- Қалған 74-і бойынша әкімдіктермен және базарлардың меншік иелерімен бірлесіп 2025 жылға дейінгі жол картасы бекітілді (2023 жылға Жол картасы бойынша жоспар – 15 базар, факті бойынша – 19). Өздеріңізге мәлім, жаңартуды аяқтаудың әртүрлі мерзімі белгіленді, облыстар үшін 2025 жыл, ал астана мен республикалық маңызы бар қалалар үшін (Астана, Алматы және Шымкент ққ.) 2023 жыл. Барлық сауда базарлары үшін 2025 жылы 31 желтоқсанға дейін жаңартудың бірыңғай мерзімін белгілеуге бастамашылық жасап, қолдауларыңызды сұраймыз. 

Әлеуметтік азық-түлік қымбаттады 

Биыл 10 айда ішкі тауар айналымы 47 трлн теңгеге жеткен. Алайда әлі де импорттың үлесі жоғары. Депутаттар ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеушілерге 6-8%-дық жеңілдетілген несие беруді алға тартты. Себебі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізбесіне кіретін 10-нан аса тауардың бағасы өскен.

Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Атап айтатын болсам нан, күріш, ет, жұмыртқа, сүт, айран, май, сәбіз және тағы басқаларға баға өсті. Әкімдік қызметкерлері базарларға, сауда орталықтарға барғанда осы азық-түліктерге бағаны төмендетіп көрсетеді, кеткеннен кейін қайта басқа баға қояды. Одан басқа бағаның өсуіне жол бермеу үшін уәкілетті мемлекеттік орган әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне сауда үстемесіне мемлекеттік бақылауды орнату керек. Бұл үстеме, Заңда көрсетілгендей, 15 %-дан аспауы керек.