Жаңажылдық отшашуды тек 30-31 желтоқсан күндері ғана атуға рұқсат!

Мерекеге дейін және одан кейін отшашу атуға болмайды. Яғни, желтоқсанның 30-ы мен 31-інде ғана рұқсат.

Әсіресе ойын баласына абай болыңыз!

Отшашу қазір қаланың әр жерінде сатылып жатыр. Бірақ сатудың да өз жөні бар. Қалай сату керек, қай жерде ату керек. Мұны қазір тілшіміз айтады.

Ал тәртіп бұзғандарға әкімшілік жаза бар. Яғни, 20 айлық есептік көрсеткіш сомасында айыппұл төлейді. Астана қаласының полиция департаменті пиротехникалық бұйымдарға жауапкершілікпен қарауды ескертеді.

Темірхан Зерде, кәсіпкер:

-      Сіз өзіңізге салынған айыппұлмен келісесіз бе?

-      Келісемін, иә.

-      Сіз бұның талаптарын білген жоқсыз ғой?

-      Білген жоқпын, бірінші рет биыл.

-      Қандай талаптар бұзып отырсыз?

-      Мына іштегіні есік алдына шығарғанмын, сол. Басқа ешқандай талап бұзған жоқпыз.

Мерхат Рахымбаев, Байқоңыр аудандық ПБ учаселік аға инспекторы:

- Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 196-бабымен бұл кісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Яғни, 25 айлық есептік көрсеткіш бойынша айыппұл салынды. Егер де бір аптаның ішінде төлесе, әкімшілік кодекс бойынша жеңілдік бар. 50 пайыз есеппен 43 мың теңге төлейді.

Жаңа жыл қарсаңында отшашудың саудасы қызады. Әрине қауіпсіздікті де ұмытпау қажет. Тәртіп сақшылары арнайы талаптардың сақталуын қатаң бақылайды. Былтыр дәл осылай ереже бұзған 20-дан астам кәсіпкер айыппұл төлеген еді.

Отшашу сату да оңай емес. Арнайы рұқсат қағаздары болуы қажет. Алдымен тауардың сертификатталғаны туралы куәлік болуы қажет. Содан кейін арнайы рұқсат органдарынан берілетін сақтауға, сатуға арналған рұқсат қағазы болуы керек. Содан кейін міне, осы контейнердің ішіндегі тауарлар осылай сөреде қолжетімді жерде, ашық көрініп тұруы тиіс. Ол контейнердің ішінде өрт сөндіруші құралдар міндетті түрде тұруы керек. Ал контейнердің өзі темірден жасалуы тиіс. Егер осы талаптар сақталмаса, 25 АЕК мөлшерінде айыппұл төлейсіз әрі тауарыңыздың көзі жойылып, арнайы орындарға әкетіледі.

Полицейлер отшашу кезінде ғимарат, көлік немесе ағаштан кемі 50 метр алыс тұру қажеттігін айтады. Себебі, табан астында ойыннан от шығуы мүмкін.

Азамат Әмен, Астана қаласы пд әкімшілік полиция басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:

- Былтыр бізге пиротехникалық бұйымдардан жарақат алған 7 адам хабарласты. Олардың бесеуі – бала. Сондықтан, балалардың өз беттерімен отшашу атуына жол бермеу қажет. Сонымен қатар, ересектердің де масаң күйде отшашуға жолмағаны жөн.

Тағы бір ескертетін жайт, 30-31 желтоқсан күндерінен басқа күндері отшашу атуға болмайды. Полицейлер тәртіп бұзған тұрғындарға 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынатынын ескертеді.

Мерхат Рахымбаев, Байқоңыр аудандық ПБ учаселік аға инспекторы:

- 30-31 күні ғана атуға рұқсатнама бар. 1-і күнінен бастап жергілікті әкімшіліктен рұқсатнама алу керек. Ол атап айтқанда өзінің туған күнін немесе той шараларын өткізу барысында.

Қазір қалада пиротехникалық заттарды сатуға рұқсат берілген 80-нен астам дүңгіршек бар. Тәртіп сақшылары осы орындардан алуға кеңес береді.

Нұрқанат Қанапия, Нұрғали Мамырбаев, «24.KZ».